Биыл Қарасай ауданы бойынша, 1799 түлек ыстық ұяларынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қақты, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жалпы, аудан бойынша 54 мектеп бар. Олардағы оқушы саны - 57347.
25 мамырда ауандағы барлық білім мекемелерінде соңғы қоңырау үні естіліп, мектеп бітірушілерді жарқын болашаққа шығарып салды. Kaskelenkz Шамалған ауылындағы орта мектептің мерекелік жиынына куә болды.
2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтеріп, есігін айқара ашқан білім ордасы үшін биылғы соңғы қоңырау салтанатының орны бөлек. Олай дейтініміз, биыл мектеп өзінің он жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазір мұнда 1687 оқушы білім алып, барлығы 113 мұғалім еңбек етуде.
Бұл күнге мектеп ұжымының ерекше дайындалғаны бірден байқалады. Мекеменің ауласына енгеннен-ақ мерекелік көңіл-күй бойды баурап, кеудеге қуаныш сыйлайтындай. Шараның бағдарламасы да ерекше ойластырылған.
Алдымен жиналғандар үздіктер шеруін тамашалап, оқушылар мен ұстаздардың бір жылғы жетістіктерін бағамдады. Мұндағы биылғы үздіктер саны – 387. Одан кейін ортаға мектеп бітіруші 16 түлек шақырылды. Олардың арасында екі алтын белгіге үміткер бар екенін атап кеткен жөн.
Бұл күні оларға айтылған ақ жарма тілектер аз болған жоқ. Ұстаздары да, ата-аналары да, барлығы олардың жарқын келешегіне сенім білдірді. Ал, кішкентай балдырғандар арнауларын арнайы жаттаған тақпақтарымен жеткізді.
Салтанат барысында әсем ән де айтылды, би де биленді, ойластырылған композициялар да ел назарына ұсынылды. Осылайша, көпшілік мектеп қабырғасында тек білімді ғана емес, дарынды дара жасөспірімдердің де көп екеніне көз жеткізді. Бұл ретте директордың тәрбіие ісі жөніндегі орынбасары Саягүл Шабантаеваның ұтымды ұйымдастырушылығын атап кеткен орынды.
Соңында сыңғырлаған соңғы қоңырау үні де естіліп, барлығы сән-салтанатымен ақ жол тілеп, түлектерді үлкен өмірге аттандырды.