Әйтейдегі полигон орнына парк салынады / 32?

 Әйтейден шыққан өрттің халық арасында біраз дүрбелең туғызғаны белгілі. Тілсіз жаудан тараған ыс пен түтін жақын орналасқан елді мекендерді ғана емес, Алматыны да  тұмшалап,  тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Ал қоқыс даласын күзеткендер айналаны қоршап,  ешкімді жақындатпады. Қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Жиналған журналистер де полигонга кіре алмай қайтты.

Ал Төтенше жағдайлар комитеті бұл ақпаратты растады. «16 мамырда сағат 02-ден 03 минут өткенде өрт сөндіру қызметінің тетігіне Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылынан 7 шақырым жердегі қоқыс полигонында шамамен 1 гектар алаңда қатты тұрмыстық қалдықтар өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түскен.  Құрбан болған немесе зардап шеккендер жоқ.

Аталған полигонының аумағы 147 гектарды құрайды. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша бұл аумақ 49 жылға жалға берілген.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіровтың айтуынша, бұл күні өрт сөндірудің барлық тәсілдері қолданылған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 11 өрт сөндіру машинасы, 16 жүк көлігі, 7 бульдозер, 1 экскаватор және жеке құрамнан 114 адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігінің Құтқару қызметі және  Төтенше Жағдайлар комитеті оқиға орнына 2 тікұшақ жіберген. Өрт сөндіру шаралары бірнеше күнге жалғасты.

Қоқыс полигонынан келген қою түтін мен жағымсыз иіс маңайдағы әйтейліктердің де берекесін қашырып, тынысын тарылтқан.

Бейресми мәлімет бойынша, полигонга қоқыс төгу үшін әр жүк көлігі 6000 теңге төлеп кіреді екен. Бұл күні де орын алған оқиғаға қарамастан, полигон жұмысы тоқталылған жоқ, қоқыс тиеген жүк көліктері  жабық аумаққа еш кедергісіз кіріп жатты.

Қоқыс қабылдайтын мекеме өкілдерінің айтуынша, болашақта бұл өрт шыққан жерге ауқымды саябақ салынады деп жоспарлануда.