Курстардың мұғалімдерге берері көп / 19?

Қазіргі қоғамда бәсекеге қабілетті, сыни тұрғыдан ойлай алатын, өмірде өз жолын дұрыс таңдай білетін жеке тұлға, нағыз мамандар сөзсіз керек. Сол себепті, бұл бағытта ұйымдастырылған жаңартылған бағдарлама бойынша басталған төрт апталық курстың маңызы зор.

Қарасай ауданының Пушкин орта мектебіндегі оқыту ісі – білімге, жаңа әдіс-тәсілдерге шөлдеп келген біздер үшін нағыз «зәмзәм суындай» болды. Мұғалімдердің біліктілігін көтеру үшін Алматы облысының «Өрлеу» БАҰО» АҚ Филиалынан келген тәжірибелі маман Индира Талғатқызы көп нәрсені көкейге қондырды.

 Біздің курстағы әрбір сабағымыз психологиялық ахуалмен басталғандықтан, қызықты да қыртысы мол дәрісімізді үлкен құлшыныспен бастаймыз. 

«Білімдіден не пайда, білгенін жұртқа айтпаса, үйретуден не пайда, қайырымы қайтпаса»,- деп Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай, әр түрлі әдіс-тәсілдерге мұздай қаруланып, білімімізді жетілдіріп қайтқан біздер мектебімізге барып, шәкірттерімізді құлшындыратынымызды ойлап, тәтті қиялға берілеміз.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» - деп К.Ушинский айтқандай, қазіргі заманғы мұғалім әр шәкірті көкірегі ояу, көзі ашық болып шығуы үшін ең алдымен өз біліктілігін көтеріп, жаңашылдыққа бет бұру керектігін толықтай түсінеді. Қазіргі таңда әр құбылысқа сыни тұрғыда баға бере білетін, тілге шешен, жұрт алдында өз ойын жеткізе алатын дара тұлға тәрбиелеуді – жаңа бағдарламаны игерген әр ұстаз өз алдына мақсат етіп қойған. Аталмыш бағдарламада оқушыны сөйлетуге, өздігінен ойлануға, жоспар құра білуге, кез-келген шығарманың эскизін сызуға, қайта өңдеуге, мәтінді өз ойымен, қиялымен жалғастыруға жетелейтінін түсіндік.

 

Балжан Кулжанова,

М.Мәметова атындағы орта мектеп, бастауыш мұғалімі.