16 –сәуір күні Қарасай ауданындағы қалған санаулы ҰОС ардагерлерінің тағы бір мәңгілікке көз жұмды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жүз жасқа қараған шағында, Алматы облысы және Қарасай ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Тастанбеков Үсенбай Бақтиярұлы өмірден озды.
Үсенбай Бақтиярұлы мықты шежіреші, қартайған шағында да қаламын қолынан тастамаған жазушы, бірнеше кітаптың авторы еді. Сонымен қатар, ол бірқатар танымал ақын, жазушыларың Ұлы Ұстазы болатын. Әсіресе, қарасай жұршылығы ол кісіні мықты тіл жанашыры, тарихшы, өз қоғамының белсендісі ретінде жақсы біледі.
Үсенбай Тастанбековтың өмірдерегіне тоқтала кететін болсақ, ол 1919 жылы 20 қазанда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Батан ауылында туған. 1928 жылы ауылда араб әріпімен төте оқу бойынша сауатын ашқан. 1938 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумының дайындық курсын, 1939 жылы Қаскелең қазақ орта мектебін бітірген. Сол жылы желтоқсанда әскер қатарына алынып, Минскіде кіші командирлер курсын тәмамдаған. Молдавия, Польша елдерінде қызмет еткен.
Үсенбай ата 1941 жылдан Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қоршауда қалып, партизан отряды құрамында жаумен шайқасқан. Кейін жау шебін бұзып өтіп, майдандағы әскерге қайта қосылған. Екі рет ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедек ретінде 1943 жылы елге оралған. Мұнан кейін колхозда хатшы, ферма бастығы болған. 1945-1950 жылдары Қаскелең аудандық газетінде жауапты хатшы, Еңбекшіқазақ аудандық газетінде редактор қызметтерін абыройлы атқарған.
1950-1952 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. 1952-1965 жылдары Қаскелең, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандық газеттерінің бас редакторы болған. Бір жыл Қаскелең қаласындағы Горький орыс мектебінде тарихтан сабақ берген.
1966-1979 жылдары Қаскелең аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған. 1990-1999 жылдары аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде жұмысын ұйымдастырды.
Тастанбеков Үсенбай І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, бірнеше жауынгерлік медальдің иегері. «Құрмет» орденімен, «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медалмен наградталған.
Зайыбы Нұрбикеш Оңғарқызы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді, олардан сегіз немере, 13 шөбере сүйді.
Kaskelenkz ұжымы Үсенбай Бақтиярұлының отбасына, туған туыстарына, жақындарына қайғыларына ортақтаса отырып көңіл айтады.