Қазақстанда 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың құжатын қабылдау басталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясының сьезінде әр балаға 21 мың теңгеден төленсін деген тапсырмасы айтыла сала айына 10500 теңгені қанағат тұтып жүрген көпбалалы аналардың қунышы қойынына сыймағаны рас. Сол-ақ екен барлық өңірлердегі аналар тиісті мекеме табалдырығын тоздыруды бастаған. Дегенмен, қоғамда да, үкіметте де үлкен талқыға түскен бұл бастама әйтеуір жақсы жалғасын тауып, міне, көктемнің екінші айынан бастап қомақты қаражаттан үміті барлар заңды түрде құжаттарын өткізе бастады. Ең бастысы Елбасы бастаған ел үшін игі іс аяқсыз қалмай, жаңа президент Қасымжомарт Тоқаев арнайы заңға қол қойды.
Жалпы жәрдемақы алуға өтініш білдірушілер жергілікті әкімдіктеріне баруы керек болғанымен, аудандық жұмыспен қамту орталығына келушілердің де қатары аз емес тәрізді. Мамандардың айтуынша, алғашқы күндердің өзінде орталықта 250 азаматшаның өтініштері қабылданып, 500-дей адам қажетті кеңестер алған. Ережеге сәйкес, мұнда тек отбасының асыраушылары жұмыссыз болған жағдайда ғана келіп, мамандармен ақылдаса отырып, еңбекпен қамтылудың әрекетін қарасыруы керек. Дегенмен, жергілікті әкімдіктеріне көңілі толмағандар да мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін осы ғимараттың есігін ашатын тәрізді.
Kaskelenkz тілшісі аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, бірқатар өзекті сұрақтардың жауабын білді. Ол туралы толығырақ видеодан көре аласыздар.
Айтпақшы, алтын құрсақты аналар үшін тағы бір жақсы жаңалықтың шеті қылаң берді жақында! Болашақта жүктіліктің он екінші аптасына дейін есепке тұрған аналарға 425 мың теңге төленуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасына осындай норма енгізуді көздеп отыр. Біртанов мырзаның айтуынша, осылай халық денсаулығы туралы жаңа кодекс аясында азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігі күшейтілмек. Бір ескеретіні, ақша есепке тұра сала берілмейді, сыйақы жүктілік мерзімнің соңында төленеді. Бұйыртса, жүкті әйелдер сыйақысы 2020 жылдан бастап мемлекеттік денсаулықты дамыту бағдарламасына енгізіледі деп күтілуде!