Ұмтыл ауылдық округінің тұрғындары үшін сәуір айы өзіндік оқиғаларымен ұмытылмайтын болып тұр. Өткен аптада біраз үй иелерінің тұрмыстық техникалары күйіп кеткен еді, енді, кеше, яғни сәуірдің 8-де жол бойындағы көліктің үстіне ағаш құлаған, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Бұл туралы редакциямызға зардап шегуші хат жолдап, оқиғаны бейнелейтін суреттер мен бейнежазба жіберген.
«Бүгін Алмалыбақ ауылындағы трассаның бойында біздің көлігімізге ағаш құлады. Ішінде жолдасым отырған еді. Құдай сақтағанда ағаш артқы орындық жағына құлады. Біз қызымыз екеуіміз енді ғана сол артқы орындыққа отырмақ едік. Жолдасым бізді күтіп отырған. Қайта, адам шығыны жоқ. Ал егер біз көлікке отырып үлгергенде не болар еді?»- деп ауыл тұрғыны болған оқиғаны баяндаған. Сонымен қатар, зардап шегуші оқиға орнына жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерін, учаскелік полицейлерді шақырған. Дегенмен, олар шығынды өтеу бойынша ешқандай көмек бере алмайтындықтарын мәлімдеген. Ал, Kaskelenkz-тің инстаграмдағы парақшасында пікір қалдырушылар зардап шегушілерге сақтандыру компаниясына хабарласу қажеттігін айтқан. Сондай-ақ, тағы бір тұрғын Алмалыбақ ауылындағы Пушкин көшесінде де үлкен ағаш құлайын деп тұрғанын жеткізген.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада трансформатор жөндеу кезінде электр энергиясы шамадан тыс көп қуаттылықпен берілуі себепті бірқатар тұрғынның тұрмыстық техникалары жанып кетті, деген хабар түскен еді редакциямызға. Ол кезде куәгерлер 220 вольттың орнына 420 вольт қосылып кетті деп шағым айтқан