Кітапханашылар бас қосты

Кітапханашылар бас қосты

Жуырда Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназия кітапханасында, аталған мектептің кітапхана меңгерушісі Г. Сукенова және Г. Әлімқұлов атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі Г.Бұршақбектің ұйымдастыруларымен, «Кітапхана жұмысын тиімді ұйымдастыру: жаңаша көзқарас, кітапхана іс-тәжірибесімен бөлісу» атты тақырыпта аудандық семинар өткізілді. Семинардың мақсаты: жас мамандармен кітапханалық іс-тәжірибемен бөлісу. Кітапхана қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, ақпараттық сауаттылық, оқу мәдениетін насихаттау, қазіргі заманғы әдістерді меңгеру. Кітапханашылар арасында іс-тәжірибе алмасу. Семинарға аудандағы мектеп кітапханашылары қатысты.
Мектеп директоры өзінің кітапханашыларға деген ыстық тілегімен, кітапхана – мектептің жүрегі, ал кітапханашылардың жұмыстары көзге көрінбегенімен олардың мектепте еңбегі зор деп алғыс білдіріп, семинарды ашып берді. Келесі сөз кезегін алған Қарасай ААБ-нің маманы Бақыт Бозтаева осы семинарды ұйымдастырып отырған кітапханашыларға алғысын білдірді. Үшқоңыр мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі Г. Сукенова «Социум: жас маман, кітапхана іс-тәжірибесімен бөлісу» тақырыбында кітапхана құжаттарын қалай толтыру керектігін түсіндірді. Талай жылғы еңбектерін көрсетіп, жас мамандармен тәжірибесін бөлісті.
Ойын элементтері арқылы кітап оқуға оқырмандардың қызығушылығын арттыру мақсатында Н. Әлімқұлов атындағы орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Г. Бұршақбек «Әдеби джем» ойынымен сергіту сәтін жасады. Содан соң «Мектеп кітапханасын автоматтандыру: автоматтандырылған ақпараттық кітапханалық жүйе» MARK-SQL бағдарламасымен таныстырып онымен жұмыс істеуге шақырды.
Роза ИМАНБАЙ,
Шамалған ауылындағы орта
мектептің кітапханашысы.