Саналы ұрпақты жастайынан тәрбиелейік

Саналы ұрпақты жастайынан тәрбиелейік

Жуырда ауданымызға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері келіп, бірнеше нысандарды аралады. Олардың қатарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі Департаментінің директоры, ақын, жазушы Арман Бердалин, аталмыш агенттіктің Алматы облысы бойынша Департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев және агенттіктің республикалық арнайы мониторингтік топ мүшесі, танымал қолөнерші Ырза Тұрсынзада бар. Халық арасында жемқорлық дертіне қарсы іс-қимылды кеңінен насихаттап, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында аталған топ мүшелері ең алдымен Қаскелең мәдениет колледжіне бет бұрды. Оқу орнында басталған кездесудің ұйытқысы «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесіне байланысты болған еді.
Бұл жоба қазір еліміздің көптеген білім ошақтарында ашылып, жастармен тығыз жұмыс жасауда. Басқосуда Арман Тілектесұлы енді тұлға болып қалыптасып келе жатқан жастарға сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмай, одан алшақ болуларын алға тартты. Қай салада болмасын, адал еңбек ету қажеттігін айта келе, бұл қоғамдық дерт еліміздің көркеюіне тосқауыл болатынын жеткізді. Ал, еліміздің танымал қолөнершісі Ырза Тұрсынзада келеңсіз құбылысты жеңудің бірден бір жолы, ол қазіргі жас қыздарымыздың, болашақ аналарымыздың тәрбиесіне мән беру қажет екендігіне тоқталды. Бұдан бөлек, оларды мәдениетімізді танып, ұлттық құндылықтарымызға көңіл бөлуге де шақырды. Пайдалы кітаптарды гаджеттерден емес, кітапханалардың сөрелерінде тұрғандарын алып, оның нағыз қасиетін сезініп оқуды құптайтынын да айтты. Кездесуді қорытындылаған Серікбай Өрікбайұлы жастарды мектеп кезеңінен бастап, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттарын ашу бойынша жүйелі, ауқымды жұмыс жүргізіліп келе жатқанымен бөлісті. Яғни, олардың бойында қоғамдық дертті айыптайтын сана қалыптастырып және оған қарсы мінез-құлықты дәріптеу қажеттігін жеткізді. Ал, жиынға қатысып отырған студенттер бұл жөнінде өз ойларын білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын да қойды.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.