Ерлігі ер бабаның естен кетпес

Ерлігі ер бабаның естен кетпес

Қазақтың арғы-бергі тарихында бейбіт заманнан гөрі жаугершілік, шапқыншылық кезеңдер көп болған сияқты. Соның бір дәлелі – қазақ хандарының бірде-бірі өздері мұсылман бола тұра, бес парызды орындау қажеттігін біле тұра, қажылыққа бара алмаған екен. Оның жалғыз ғана себебі, ел іші тыныш болмаған.
Ол кезде қазіргідей «Боингпен» ұшып барып, төрт күнде қажылықтың барлық рәсімдерін атқарып келетін мүмкіндік қайда? Атпен, түйемен бір-екі жыл азапты сапар шегу керек. Олар қайтып келгенше, анталаған жаудан халқын кім қорғайды?
Міне, сондай аласапыран заман, жоңғар шапқыншылығының тұсында, яғни, 1615-1664-ші жылдар аралығында исі қазаққа даңқы кең тараған, ерлігімен ерекше көзге түскен Есім ханның батасын алып, «Қазақтың Қарасай батыры» деген атаққа ие болған Қарасай Алтынайұлын еске алып, оның даңқты ерлік жолын насихаттаудың бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жөніндегі рөлі ерекше.
Тарих беттерін парақтасақ, Алтынайұлы Қарасай 1598 Мешін жылы дүниеге келген. Бұл Есім ханның таққа жаңа отырған шағы екен. Қазақ пен қалмақ арасындағы қарулы қақтығыстар өршіп тұр. Жеңіс алма кезек болып, таразы басы бірде әрі, бірде бері ауып тұр. Қара қазан, сары бала қамы үшін, ата-баба қаны тамған туған жер үшін өліспей беріспекке бел байлаған батырлар ат үстінде белі буулы, жеңі сұғулы, аяғы үзеңгіде, арыстандай арпалысқан аласапыран күн кешіп жатқан кез.
Осындай бір тұста Есім хан Жетісуға келіп қол жинайды. Бұл қолды жасы егде тартып қалған Жанай батыр бастайды. Бірақ, 1620 жылы отыз мың қолмен қара Ертістің бойында болған ұрыста қазақ туын көтерген 79 жасқа келген шапырашты Жанай батыр қатыса алмайды да, қазақ туын 17 жасар жас жолбарыс Қарасайға тапсырады. Осы соғыста Қарасай қолы астына Есім ханның белгілі батырлары болған қоңырат Алатау батыр, алшын Жиембет батыр, дулат Жақсығұл батыр келіп кіреді. Сұрапыл соғыс барысында Есім хан да ерен ерлік танытқан. Осы жеңістен соң, ол ел ішінде «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанып кетіпті.
Ал, Қарасай осы соғыста ойраттың екі тайшысы Қарақал мен Тойлыны қатын-баласымен тұтқынға алып, жаяу айдап Есім ханның алдына алып келеді. Екі бірдей тайшыны хан алдына тізе бүктіріп, Қарасай: «Тақсыр, енді қазақ ханының бетіне қарсы келген, қазақ жеріне көзін алартқан жаудың бәрі осылай тізерлейтін болады!», – дейді. Есім хан жас батырдың бұл сөзіне риза болып: «Сен енді қазақтың Қарасай батыры болдың!» депті.
Қарасай батырдың есімін елге мәшһүр еткен ерлігінің бірі 1643 жылы жасалыпты. Бұл тұста Жәңгір ханның ел билеген кезі болса керек. Қазақ жеріне лап қойған ойраттың нояндары Жәңгір ханды тұтқындайды. Ендігі жерде соғыстың бар билігін Қарасай батыр қолға алады. Сол жолы қазақ ханы жау қолынан азат етіледі.
Қарасай батыр өзінің соңғы жорығына 1664 ұлу жылы 66 жасында қатысты деседі. Наймандар мен жалайырларға шабуыл жасаған екі мың қол торғауытты серігі Ағынтай батыр екеуі бастаған жасақтар ойсырата жеңіп, қазақ даласынан қуып тастаған екен. Қарасай осы ұрыста ауыр жарақат алып, саптан шығады. Ағынтай да аяғынан жараланып, ақсап қалады. Кейін бейбіт заман орнап, Қарасай Көкше жеріне Ағынтай досын іздеп барады. Содан көп ұзамай, 1671 Доңыз жылы тамыз айында 73 жасында дүние салады. Батырдың денесі өзі ат басын тіреген Көкшетаудың Айыртау деп аталатын бір сілемі бойындағы Құлшынбай төбесіне жерленеді. Бірер жылдан кейін Ағынтай батырдың да мүрдесі досының қасына қойылады.
Осылай қан майданда қатар шайқасқан қос батыр жер бесікке де қатар бөленді.
Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген, ғасырлар өтсе де, қаһармандарымыздың ерлік істері ұмытылмай, ұрпақтарына үлгі болып, олардың жүректерінде мәңгі сақталады.
Серік ҚАЛИЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
директоры.