Дінге жат ұғым

Дінге жат ұғым

Діни экстремизм мен терроризм қоғамның тұтастығын бұзып, жастарды тура жолдан тайдырып, ел ішінде алауыздық тудырады. Елбасымыз өз сөзінде: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанмен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар», – деп алаңдаушылық білдірді. Дегенмен, бүгінде елімізде бұл жаһандық дертті ауыздықтауға, алдын алуға арналған көптеген шаралар қолға алынуда.
Біздің ауданымызда да теріс ағымдар әрекетін қатаң бақылауға алып, оның таралуына мейлінше шектеу қою үшін көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Сондай іс-шараның бірі ретінде сейсенбі күні аудандық орталық кітапханада экстремизм мен терроризм қатеріне арналған «Терроризм – дінге жат ұғым» атты өткен жиынды айтуға болады.
Жиын барысында теолог-инспектор Бауыржан Жадрин мен әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре қазақ халқы ұстанатын Ислам дініне және қазіргі дәстүрлі емес діни ағымдардың елімізге келуіне, таралуына жан-жақты тоқталып, оларды қабылдаған жастардың діни сауатсыздығы салдарынан қателіктерге бой алдыруы, ғаламтор арқылы әртүрлі діни ұйымдардың теріс уағыздарды тарататындығы туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ, ауданымыздың бас имамы Ринат Ташенов діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін ең алдымен үйдегі ата-ана тәрбиесінің маңыздылығын айтып өтті. Ең алғаш баланың сана-сезіміне бұл дерт кірмес бұрын, оны үнемі бақылауда ұстау қажет екендігі, мектеп қабырғасындағы оқу үлгерімі, қоршаған ортадағы достары, әлеуметтік желідегі ақпараттары – барлығын қадағалауда ұстаса мұндай келеңсіздіктер орын алмайтынын ескертті. Жалпы, бұл дерт бүкіл әлемге қауіп төндіретіндіктен дін жолына түскен адамның білімін қадағалап, бақылауда ұстау міндет екенін жеткізді.
Мұнан бөлек, Сирия елінен құтқарылып, Қазақстан жеріне алып келінген 47 адам жайлы бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, осы тақырып аясында кеңінен пікір алмасты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.