«Аманат» сыйлығы тапсырылды

«Аманат» сыйлығы тапсырылды

Қасиетті Қарасай жеріне осы аптада арнайы жұмыс сапарымен келген келген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы республикалық мониторингтік тобының мүшелері ауданымыздың жастарымен кездесіп, одан кейін БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын ұйымдастырған еді. Түстен кейін құрметті қонақтар рухани саяхат ретінде мәдени орталарды араласа, жалғасы аудан жұртшылығымен салтанатты жиынға ұласты. Нақты айтсақ, аудандық мәдениет үйінде республикалық жоба болып табылатын «Аманат» қоғамдық тану сыйлығының салтанатты марапаттау кеші болды.
Жалпы, аталған рухани шара еліміздегі Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда бастау алып, әр өңір бойынша да жалғасын тауып келеді. Аудан арасында біздің Қарасай өңірі алғашқылардың алды болып, ұлттық идеяны, мәдениет пен салт-дәстүрді жаңғыртып жүрген жандардың еңбектері еленді. Алғашқы марапат иегері болып табылған Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шет тілдер педагогикалық колледжінің директоры Бақыт Шпекбаеваның сыйлығын табыстау үшін сахна төріне Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры, ақын, саясаттанушы Арман Бердалин шақырылды. Келесі сыйлық Алматы облысының қазынашылық департаментінің бас маманы-бас қазынашы Айгүл Аязбаеваға бұйырып, оны жоғарыда аталған агенттіктің жанындағы республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада табыс етті. Ал, соңғы үшінші марапат біздің аудандық әкімдік ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Василий Тысиковке бұйырды. Оны табыстау үшін сахна төріне Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев шақырылып, сыйлық иесін құттықтады.
Барлық марапат иегерін табыс еткен білікті тұлғалар осындай ауқымды жоба арқылы отаншыл азаматтарды халыққа насихаттау, жұртшылыққа таныстыру, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға шабыт сыйлау екендіктерін айтты. Сонымен қатар, сөз арасында дәл осы рухани шараның Қарасай ауданында өткізіліп жатқаны тектен-тек емес екенін жеткізіп, қонақжай қарасайлықтарға алғыстарын да білдірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.