Мәліметтерге сүйенсек, бөлім басшысына, мектеп директорына және тәрбие ісі жөніндегі бас мұғалімге қатаң сөгіс жарияланды. Тағы біреуі көп ұзамай өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазды. Еркін күрестен төрт жаттықтырушы жұмыстан босатылып, 1 маусымнан бастап олар мекемеде жұмыс істемейтін болды.
Марқұм жасөспірімнің анасы Зоя Базарбаева қатаң сөгіс пен жұмыстан шығаруды жеткіліксіз деп санап отыр.
“Егер өз міндеттеріне немқұрайлы қарағандар жеңіл жазамен құтылса, онда спорт мектебіндегі заңсыздық тоқтамайды деп ойлаймын”, – деді марқұмның анасы Базарбаева.
Қайғылы оқиға 11 сәуір күні кешке Есет батыр атындағы спорт мектебінде болған.
Дәрігерлер 8-сынып оқушысын шұғыл түрде ауруханаға жеткізуге тырысқанымен, ол емханаға жетпей көз жұмды.
Көп ұзамай бала есінен танып қалғанға дейін төбелес болғаны белгілі болды. Полиция бірден үш қылмыстық істі тергеп жатыр. Екі күдікті сол мектептің оқушылары болып шықты.
Еске салайық, 11 сәуірде олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында Бексұлтан есімді оқушының есінен танып, кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда жақындарының сөзінше, марқұм жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көрген. Аталған дерекке қатысты полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.