Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының хабарлауыша, қазір әкімдік ғимаратының алдында су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері бойынша Құлсары тұрғындарының жиыны өтіп жатыр.
– Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жиналғандар алдында қаражатты өтеу, жаңа тұрғын үй беру тетігі жөнінде түсініктеме береді, – делінген хабарламада.
Жылыой ауданында су басқан 2 920 үйдің 2 906-нан су кеткен. Бүгінгі таңда 2 667 тұрғын үй-жай техникалық бағытта тексеріліп, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілген. Барлығы 3 мыңға жуық өтініш түскен.
Су тасқынынан зардап шеккен 3904 тұрғынға 100 пайыз мөлшерде біржолғы төлем берілгені жазылады.
– Сонымен қатар, мүлкіне залал келтірілген 289 кәсіпкермен залалды өтеу бойынша консультациялар өткізілді. Бүгін түстен кейін тұрғындарды техникалық тексеру және бағалау қорытындыларымен кезең-кезеңмен және үймен таныстыру басталады, — деп сендіреді жедел штаб.
Еске сала кетейік, 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні Құлсары тұрғындары аудан әкімдігіне жиналған еді.
Құлсары
Атырау облысы сәуір айының басында су тасқынынан қатты зардап шекті.
Құлсары (қаз. Құлсары) — Қазақстандағы қала, Атырау облысы Жылыой ауданының әкімшілік орталығы.
Мұнай кәсіпшілігі саласындағы ірі орталықтардың бірі.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.