Ол елдегі геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту көздері мен қаржы бөлу жұмыстарының өз деңгейін атқарылмай отырғанын сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстан сирек кездесетін металдарды игеру бойынша Еуропа және АҚШ мемлекеттері арасында бірнеше келісім-шарт жасаған.
«Көршілес Қарағанды облысымен салыстырған жағдайда қатты пайдалы қазбалардың 109 кен орны игерілсе, Қызылорда облысында тек 2-ақ кен орны жұмыс жасап тұр. Ал, Арал ауданында литий бойынша әлеуетті кен орындары бар. Жоғарыда аталған келісімдердің жалғасы ретінде ресми құжаттармен расталған. Сондықтан, Арал ауданында орналасқан литий кен орындарының қоры туралы ақпараттық база рәсімделу қажет деп есептейміз», — деді депутат.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауында геологиялық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндетін жүктегенін еске салды.
«Сонымен қатар, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде республикалық бюджет қаражаты есебінен зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген. 2022 жылы Өңірлік геологиялық зерттеу бойынша Шу-Сарысу бассейнінде жұмыстар аяқталып, Арал бассейні бойынша геологиялық-геофизикалық зерттеулер басталды. Ал, Сырдария бассейнін зерттеу жұмыстары 2026 жылға жоспарланған. Аталған жұмыстар Қызылорда облысының экономикалық потенциалын арттырып, халқымызды сапалы жұмыстармен қамтамассыз етудің бір бағыты», — деді Мархабат Жайымбетов.
Депутат геологиялық зерделеу жұмыстарына үлкен сілкініс қажет деп есептейді. Ол осы бағыт бойынша бірнеше ұсынысын білдірді:
Аймақтардағы перспективалы учаскелерді зерттеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету;
Геологиялық барлау саласын дамытудың жоспарларын қоғаммен талқылап, оның ашықтығын қамтамассыз ету;
Мұнай өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуін ескере отырып, 2024-2025 жылдары Сырдария бассейнін зерттеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін басымдылықпен шешу.