«Үкімет тарапынан жастарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма? Ең басты қажеттілік баспана мәселесі де шешімін таппай отыр. Жыры басылмаған жастарға берілген жалдамалы пәтер жайында Роман Васильевичке де депутаттық сауал жолдағанмын. «Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің бақылауында» деп қысқа қайырған. Жастардың талап-тілегін нақты шешімдер мен әрекеттер жасайды деген ниетпен қайта жолдап отырмын», — деді Дәулет Мұқаев Мәжіліс отырысында депутаттық сауал жолдап.
Халық қалаулысының мәліметінше, 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жастардың саны 10 000-ға жуықтаған. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да аз уақыт қалды.
Оның айтуынша, мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Өткен жылы берілу керек пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі дер берілмеді, нақты тізім, нәтиже шықпады. Одан әрі Д.Мұқаев жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, баспана ала алмау себебін атады.
«2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады, 2 есе өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты, бұл – бір. Екіншіден, елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Елде тиімді бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына алып келуде. Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ», — дейді ол.
Депутат жоғарыды аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселесін қарастыруды қайта сұрады.
«Пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауы тиіс немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзарту керек», — дейді Дәулет Мұқаев.