AMANAT фракциясының депутаттары жуырда мемлекет басшысы қол қойған «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлықты толығымен қолдайтынын айтты.
«Бизнеске кез келген негізсіз қысымды тоқтату, бизнес үшін әлі де көптеген әкімшілік кедергіні жою қажет. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың тар ведомстволық мүддесінде құрылған квазимемлекеттік кәсіпорындар бизнестің бәсекелестік мүмкіндіктерін төмендетеді, олардың үлкен штаттарын ұстауға бюджеттен әжептәуір қаражат бөлінеді. Квазимемлекеттік сектор үшін қолдан жасалған артықшылықтарды алып тастау маңызды», — дейді Нәжметдинұлы премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Депутаттар мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру қажет деп есептейді. Мемлекеттік сатып алудағы квазимемлекеттік сектордың үлесі жыл сайын ұлғайып барады.
«Яғни біз нарықтық экономикада әлі күнге дейін бәсекелестік ортасыз, адал бизнестің қатысуынсыз басшылар тобының шешімімен мемлекеттік қаражаттың триллиондаған теңгесін бөліп отырмыз. Бұл мәселені «АМАНАТ» фракциясындағы әріптестерім бірнеше рет көтерген болатын. Енді бұған жол берілмейді – жыл соңына дейін бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алулар мәжіліс депутаттарының қатысуымен қысқартылады», — деді ол.
Сондай-ақ, Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, қазақстандық бизнестің мүддесі үшін квазимемлекеттік сектордың сатып алуы мен қорғаныс тапсырысы бойынша тәсілдерді қайта қарау қажет.
«Ұлттық компаниялардың 60 пайызы кіретін Самұрық-Қазына қорының сатып алулары жеткілікті деңгейде ашық емес және біздің тауар өндірушілерімізді қолдауға бағытталмаған. Бұл шаралар экономиканың нақты секторын дамытуға серпін береді және сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттырады», — деді мәжілісмен.
Айтуынша, бүгін қабылданған «мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы негізінен отандық тауарды қолдауға, адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, нақты және сапалы нәтижеге бағытталған.
Сонымен қатар, депутаттардың пікірінше, Бәйтерек, Даму және басқа да даму институттары тарапынан ірі бизнеске кредит бөлу бойынша ашық және болжамды саясат қажет.
«Экономиканы ырықтандырмай, мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы екі есеге арттыру жөніндегі міндетін орындау мүмкін болмайтыны түсінікті. Өкінішке қарай, біз мұны экономикамыздың көптеген салаларынан байқап отырмыз. Осыған байланысты, біз көпшілік фракциясы ретінде үкіметтен президент жарлығының белгіленген мерзімде сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді сұраймыз», — деді депутат.