Қазақстандағы педофилия. Қорғансыздарды қалай қорғаймыз?

2020-08-04 11:00:41
Педофилия - туа біткен немесе жүре келе пайда болатын психологиялық ауытқу. Өткен жылдың соңында құқық қорғау органдарында бір жарым мыңға жуық педофил мен 2800-ден астам зорлаушы есепте тұрған. Қазір Қазақстанның түзеу мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін 1600-ге жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр., здеп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл бағыттағы істер бойынша толық ақпаратты, соның ішінде зорлаушылардың аты-жөні де infopublic.pravstat.kz сайтынан көруге болады.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті педофилдер туралы деректердің электрондық картасын бірнеше жыл бұрын ұсынған болатын. Онда аймақтар мен қылмыс жасау мерзімі бойынша ақпарат ашық түрде орналастырылған.

Педофилдердің картасында қылмыскерлердің аты аталып, түрі түстелген.

Жәбірленушілердің жасы жасырылмаған. Қылмыскерлердің құрбандары тіпті 3 жастан басталады. Соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға зорлық көрсеткен 164 қылмыскер 5 жылға дейін, 375 қылмыскер 10 жылға дейін, 344 қылмыскер 15 жылға дейін, 252 қылмыскер 20 жылға дейін, 18 педофил 20 жылдан астам және 4 қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылған. 4 азамат тек шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарға қарсы күрес мақсатында жыныстық қылмыс үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді бұл аса ауыр қылмыс болып есептеледі, ол үшін ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру қарастырылып отыр.

"Педофилдерге" қатысты заңда көзделген жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін барлық шаралардың күші жойылды.

2018 жылдан бастап жыныстық тұрғыда психикалық ауытқулары бар адамдарға қатысты "химиялық кастрация" жазасы енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жас балаларды зорлау (ҚР ҚК 120 - б.4-б.) және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері (ҚР ҚК 121-б. 4-Б.) үшін оларды 20 жылға бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру (бұрын-17 жылдан 20 жылға дейін, не өмір бойы бас бостандығынан айыру) көзделген. Бұл ретте кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық қылмысы үшін жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалау мерзімі бес жылға дейін ұзартылады, - делінген ІІМ мәліметінде.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға жыныстық қылмыстарды жасырған адамдарға (ҚР ҚК 432-б.) 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұл мамандандырылған балалар мекемелерінің қызметкерлері мен басшылығына, баланың заңды өкілдеріне, қамқоршылары мен ата-аналарына да қатысты.

Кәмелетке толмағанның жыныстық қауіпсіздігіне қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылық үшін өгей әке мен өгей шешені қылмыс субъектісі ретінде енгізу көзделген.

Кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы әзірленіп жатқан немесе жасалған анық қылмыс туралы хабарламау (бөлігіне толықтыру енгізілді.

2020 жылдың өткен кезеңінде кәмелетке толмағандардың жыныстық қауіпсіздігіне қылмыстық қол сұғушылық бойынша 503 факті тіркелген, он алты жасқа толмаған адамдарға жасалатын жыныстық зорлық саны 4,3% - ға (208-ден 199-ға дейін) азайды, - дейді ІІМ.
Осындай әрбір қылмысты ашу үшін полицияның барлық күші дер кезінде тартылады.

Мысалы, биылғы 22 шілдеде Ақтөбе қаласында, бау-бақша аумағында белгісіз біреу 2010 жылғы жас баланы зорлаған. Жедел іздестіру шаралары кезінде бұрын да жауапкершілікке тартылған қала тұрғыны ұсталды. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері және жас балаларды азғыру бойынша тоқтап қалған не жалғасын таппаған қылмыстық істер жоқ.

Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ әзірленген нұсқаулыққа сәйкес есепте тұрған контингентке бақылауды жүзеге асыру қолға алынған.Криминалдық полиция жергілікті полиция қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып, "педофилдерге" бақылау жүргізіп, олардың тарапынан құқыққа қарсы ниеттердің жолын кесу бойынша алдын алу шараларын қабылдады, - деп хабарлады ІІМ.

ІІМ хабарлағандай, 2018 жылдан бастап "педофил" есебінде тұрған адамдар тарапынан осындай қылмыстардың қайталану саны 5-тен 1-ге дейін төмендеді.
Сексолог маман Әнел Нұржаубаева педофилияға баратын адамдар көбінесе өздері кішкентай кезінде осындай оқиғадан өткенін айтады.

Яғни, педофилиялық немесе басқа жыныстық зәбірден өткен адамдар психологиялық зақым алады. Сондықтан жыныстық ауытқу (перверсия) қалыптасады.

Ондай адамдарға кішкентай кезінде психологиялық ем алмағандықтан, ересек кезінде кішкентай балаларға зәбір көрсетеді. Бұл психологиялық ауытқу. Емделу үшін психотерапевт маманымен бірге ұзақ жұмыс жасау керек. Ең ұтымдысы арнайы білікті психолог-психотерапевтпен бірге емделу керек, - дейді ол.

"НеМолчи.kz" зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық қозғалысының жетекшісі Дина Смайылованың пікірінше, Қазақстанда тергеу қазіргі заманға сай жүргізілмейді.

Педофилдер "формалды" түрде есепте тұрады. Олар түрмеден шыққан кез келген қылмыскер ретінде пробациялық есепте тұрады. Яғни, шыққан қылмыскер белгілі уақыт өткен сайын өздері келіп тіркеліп отырады. Америкадағы "Меган" заңы бойынша педофилдерді қатаң бақылауға алды. Олар арнайы білезік тағады. Балаларға 500 метрден артық жақындауға болмайды. Қылмыскерлер арнайы психотерапевтік орталықтарға барып, қажетті ем алады. Олар орталыққа келмеген жағдайда қылмыскердің келмеуінің себебін бірден анықтайды. Бұл тұрғыда біздің ел дамыған елдерден 100 жылға қалып келеді, - дейді Дина Смайылова.

Дина Смайылова педофилдерді өлім жазасына кесуге қарсы екенін айтты.

Мен оларды өмір бойына бір жерде жұмыс істеуге жіберуді қолдаймын. Олар жәбірленушілердің өзіне пайда әкелуі керек. Мәселен, Ақтөбеде қыста зорланған қыздың ісін еске алсақ. Жәбірленуші бірнеше отаны бастан кешірді. Өмір бойы оңалту шаралары қажет. Қылмыскерге 17 жыл берілді. Ол 11 жылдан кейін шығып, тағы сол ісіне кірісуі мүмкін. Осындай қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру керек деп есептеймін. Себебі жәбірленушінің де қорлығы өмір бойы жалғасады. Мұндай зақымның салдары тек балаға ғана емес, ата-анасына да күш түсіреді. Өйткені олар мекенжайын ауыстырып, тіпті туған-туыстарынан да тасада жүруге тырысады. Себебі "ұят" деген түсінік әлі де бар. Қорлық көрген баланы барлығынан жасырады. Бізде де өзіміздің "Меган" заңы болғаны жақсы болар еді деп ойлаймын, - деді ол.

Сондай-ақ қозғалыс жетекшісі айуандықпен жазалау және тергеусіз сотқа қарсы екенін айтты.
Сәтбаевтағы оқиғаны тікелей эфирден көрдім. Сол үйдің тұрғындары басынан қандай сезімді кешіргенін түсінемін. Тергеусіз сот ешкімге керек емес. Бұл да психикаға әсер етеді. Себебі бір күн барлығын көтеріп жіберді. Сондықтан мен айуандықпен жазалауға қарсымын. Сәтбаевтың тұрғындарымен келісемін, бұл жерде жергілікті құқық қорғау органдары мен биліктің кінәсі де бар. Себебі Сәтбаевтағы оқиғадан кейін оларға деген сенім жоғалды. Сондай-ақ педофилдерге қатысты химиялық кострацияны да қолдамаймын. Өйткені ол жарты жылға ғана шыдайды. Физикалық кострация енгізуге болады, бірақ бұл гуманизмге жатпайды. Алайда педофил болса, бұл жазаны қолдануға болады деп есептеймін, - деді ол.

Танымал адвокат Абзал Құспан да педофилдерге қатысты өлім жазасын енгізуге қарсы екенін жазған еді.

ҚР құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді, соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болу қаупі өте жоғары, оған себеп - қылмыстың бәрі айқын (очевидный) сипатқа ие бола бермейді, тиісінше резонансты істерді қалайда ашу мақсатында ҚҚ органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін. Оған олар саналы түрде барады. Әдетте, ондай адамдар (құрбан/жертва) не қаржысы, не ықпалды танысы (тірегі), тиісінше сұрауы жоқ қарапайым отбасы мүшелерінен таңдалып алынады. Ал сотымыз алдына келгенді соттай салатынына күмәніңіз болмасын! Қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары. Сот қателігі - жемқорлық пен дилетантизм батпағында қайраңдаған ҚР тұрмақ, небір дамыған елдерде де болуда, оған тарихтан мысал жетеді, - деді ол.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин жәбір көрген балалардың қауіпсіздігі мен тыныш өмірін қамтамасыз ету жүйесін құруды ұсынған болатын.

Жыныстық зорлық-зомбылық, соның ішінде балаларға қатысты барлық істер мен сот процесі жабық режимде өтеді. Сонымен қатар, әділ жазадан басқа, болашақта балаларды қорғау маңызды, өйткені әр бала құпия түрде қорғалуға қақылы. Сондықтан мұндай істерді ашық қарауға жол берілмейді. Егер үкім шығарылса да, қылмыскерлер жауап берсе де, балалар үшін бұл қайғылы жағдай аяқталмайды. Олардың істері резонанстық болса, қорғауды қамтамасыз ету өте қиын. Өйткені жәбірленішіні таниды, ал көршілердің ортасында, мектепте, туыстарының арасында болған оқиғаны еске түсірмеуі керек, оқиға туралы білетін ортада тұру қиын, - деді ол.
Саин балалардың болашақтағы өмірі үшін алаңдайтынын айтты.

Әсіресе, шағын қалаларда мен ауылдарда тұру қиынға соғады. Ол ортада үнемі ретравматизация болады. Балаға психологиялық көмек көрсету өте қиын немесе пайдасыз болады. Сонымен қатар адамдар әртүрлі екенін және балаға кейбіреулер ыңғайсыз сұрақтар қоюын немесе бөгде әрекетке тап болуы мүмкін екенін ескеру қажет.. Қазақстанға дамыған елдер сияқты қылмыстардың құрбандарын немесе куәгерлерін қорғау бойынша арнайы бағдарлама қажет екенін айтқанмын. Олардың тұрғылықты жерін, тегін, атын және өзге мәліметтерін өзгерту түрінде қорғауға мүмкіндік беру керек. Бұлай болмаса, баланың одан әрі қауіпсіздігі мен тыныш өмірін қамтамасыз ету өте қиын. Бізге белгілі істер бойынша балалары осындай жәбір көрген отбасылардың көпшілігі өздері көшіп кетіп жатады, - деді ол.

Соңғы бес жылда балаларға қатысты жасалған жыныстық зорлық оқиғаларына көз жүгіртсек...
2015 жыл

29-дағы азамат жас әйелмен азаматтық некеде тұрды. Алайда еш жерде жұмыс істемеген, ішімдік ішкен. Оның азаматтық жұбайы таңертеңнен түнге дейін базарда жұмыс істеді, себебі төрт баланы (оның ішінде, екі бала сотталушыдан) асырау керек. Сондықтан ол балаларды қадағалауға уақыт жоқ екенін айтып жүрген екен.

Тергеу барысында, 2015 жылдың қаңтар айында қылмыскер өгей қызына сексуалды күш қолданған. Ол қыздың жасы небәрі 10-да еді. Содан кейін педофил өз әрекеттерін қайта қайталайды. Ақыр соңында қыз қорлауға төзбей, барлығын анасына айтады. Ол дереу полицияға қоңырау шалады. Мұны естіген қылмыскер үйден қашып, 10 күн бойы жасырынып жүрген. Содан кейін кешірім сұрайды. Бірақ полиция қызметкерлері бірден оны ұстайды. Сот сотталушыны кінәлі деп таныды.

Сотталушы Қазақстан Республикасы ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияда 16 жылға бас бостандығынан айырылады.

2016 жыл

2016 жылдың 24 сәуірінде сағат үштер шамасында ер адам Тараздағы қараусыз қалған саяжай үйінде ішімдік ішкен. Содан кейін мас ер адам далаға шығып, ойнап жатқан үш қызды көреді. Педофил дүкенге барып, шоколад пен сусын сатып алады. Содан кейін ол балаларға қайта оралып, қыздардың бірін алдап-сулап, қараусыз қалған үйге кіргізеді. Үйдің ішінде педофил қызды пышақпен қорқытып, зорлайды.

Педофил ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. ҚР ҚК 14-бабы 2-тармағы негізінде қылмыстың қайталану қаупі назарға алынды. Педофилды 22 жыл бас бостандығынан айыру және бала тәрбиесімен айналысу құқығынан өмір бойға айыру жазасы кесілді. Ол жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтеп жатыр. Қылмыскерге ҚР ҚК – нің 91-бабы 1-бөлігінің, 98-баптың 2-бөлігінің талаптарына сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарында алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу тағайындалған.

2017 жыл

2017 жылдың 14 маусымында Атырау маңындағы Бесікті кентінде 8 жасар қыз бала мектептегі лагерьден шыққан. Үйіне келе жатқанда ол қылмыскерді жолықтырған. Педофил оны алдап Жайық өзенінің жағасына апарып зорлаған. Кейін оны өзенге батырған. Сот айыпталушыны кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлауға, сондай-ақ оның өліміне кінәлі деп таныды. Оған 25 жыл қатаң режімдегі колонияда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы жалпы мерзімнің үш жылын колонияда толық оқшаулау жағдайында өтейді. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа сотталушы 5 млн теңге төледі. Жоғалған оқушы қызды іздеу бірнеше күнге созылған. Оған құтқарушылар, бесікті кентінің тұрғындары мен еріктілер атсалысты.Алғашқы күндері іздестіруге қыздың отбасының көршісі болып келетін сотталушы да қатысқан.

2018 жыл

2018 жылдың шілде айында Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде ер кісі үйге кіре берістегі есікті жауып, баланы ұрып-соққан. Сөйтіп, киімін шешіп, зорлық сипаттағы әрекеттерді жасаған. Баланың айқайлаған даусын естіген егде жастағы әйел ішке кіріп, ер азаматты қуып шыққан. Әрі бұл оқиға үйде орнатылған бейнебақылау камерасына да түсіп қалған еді. Қала тұрғындары аталған видеоны желі арқылы таратып, жұрттың наразылығын туғызған. Соңынан күдікті полицияның қолына түсіп, сот-медициналық сараптама жасайды.

Айыпталушының қылмысы толығымен дәлелденеді. Жас балаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған, бірақ зорлап үлгермеген. 21 қыркүйек күні ол Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігімен ("Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") кінәлі деп танылып, 15 жылға сотталады.

2019 жыл

2019 жылы 1984 жылғы ер адам Түркістан маңындағы ауылға жұмыс істеуге келеді. Кештердің бірінде ішімдікке сылқия тойып алған ер адам ертесі күні таңертең ауыл ішінде серуендеп қайтпақ болады. Осы кезде ол аулалардың бірінен кішкентай қызды байқап қалған. Қаскүнем ашық қалған есіктен аулаға кіріп, қызды сарайға ертіп әкеледі. Мұнда ол баланы зорламақ болады, бірақ сарайға қыздың әпкесі кіріп келген. Жартылай жалаңаш ер адам қашып шығады. Әйел оның соңынан қуып келе жатып, көршілерін көмекке шақырған.

Көршілердің айқайын естіген ауылдастары ер адамды ұстап алған. Ауыл тұрғындары оны жергілікті полиция бөлімшесіне алып барады. Сол жерде қыздың туысы ер адамның үстінен арызданған. Оған қатысты ҚР ҚК 24 және 120-баптарына ("Кішкентай баланы зорлауға оқталу") сәйкес қылмыстық іс қозғайды.

Түркістан облысының қылмыстыр істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарап, кінәлі деп тапты. Ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, ол ең жоғарғы қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

2020 жыл

23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түседі. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Алайда тұрғындар күдіктіні өз қолдарына тапсыруды талап етті. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін құқық қорғау күштері жұмылдырылды.

Бұл оқиғаға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді.

Өкінішке қарай, Сәтбаевта оқиға болған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілген. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоцияларымызды ұстап, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек, - деді өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Сәтбаевтағы қыздың ата-анасымен үнемі байланыста екенін айтты. Қазір жәбірленушінің отбасына заңгерлік көмек тегін көрсетіліп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
P.S. Мұхтар Әуезовтің "Қорғансыздың күні" әңгімесі "Балалық жүзінде: "Менде жазық жоқ, мен тазамын" ,— деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар. Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай", деп қорытындыланған. Осыдан сайып келе, бір ғасыр өтсе де, бұл мәселе өзектілігін жоймағанын байқауға болады.