Бағдат Мусин интернет сапасын қадағалауға қосымша қаржы сұрады

2020-08-04 09:00:57
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин елімізде интернет сапасын жақсартуға қосымша қаржы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында радиожиілік спектрлеріне талдау жасалды. Осының негізінде қосымша антенна-діңгекті құрылыстар орнатылуы керек нақты локацияларды айқындадық. Бұл тұрғыда жер телімдері нақты көрсетіліп отыр. Осы мәселеге байланысты жер телімдерін бөлу мен электр энергиясын тартуда жәрдемдесу үшін әкімдіктерге тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді Б. Мусин Премьер-Министр Асқар Маминге қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда ол әкімдіктермен бірлесе отырып, антенна-діңгекті нысандарды салатын жеке инвесторларды табуға дайын екендігін жеткізді.

«Бұл жұмыстардың нәтижесінде байланыс сапасы нашар аумақтардың проблемасын шешеміз. Мұндай жұмыстарды барлық жерде жүргізу керек», - деді Б. Мусин.

Сонымен қатар ол сапалы интернеттің қажетін ескере отырып, радиожиілік желісін өлшейтін жылжымалы кешені бар автомобильдерді, сондай-ақ тасымалданатын өлшеуіш құралдарды алуға қосымша қаржы бөлуге қолдау көрсетуді сұрады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Атап айтқанда, бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылатын болады.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында колледж студенттерінің білім алу тәртібін түсіндірді.

Премьер-Министр Асқар Мамин интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және байланыс операторлармен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.