Қазақстанда қашықтан сабақ оқу үшін қолында ешқандай құрылғысы жоқ 185 мың бала бар. Бұл проблема жөнінде Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.
«Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, үлкен тапшылық бар, оны ашық айтуымыз керек. Тек қана қолында ешқандай құрылғысы жоқ 185 мың бала бар. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған және жетім балаларды қамту мәселесі өте өзекті. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін кем дегенде, 500 мың компьютер техникасы осы балаларға таратылатын болады. Оларды төртінші тоқсандағыдай балаларға мүлікті беру-тапсыру актілері арқылы таратамыз», - деді ол баяндамасында.
Сондай-ақ, елімізде 24 мың ұстаздың техникасы жоқ. Бұл мәселені министрлік мектептердің техникасын уақытша беру арқылы шешпек.
«Бұл көрсеткіш қазір 24 мың болса, бұған дейін 65 мың болатын. Бұл мәселе бірте-бірте шешілуде», - деді министр.
Ал қашықтан онлайн оқу үшін бірнеше IT-компания интернет-платформа дайындаған. Сондықтан оқушылар мен ата-аналарға таңдау бар.
Теледидар сабақтары «Әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысына 9 сағаттан эфир берілген. Оған қоса, барлық телесабақтар интернетте (Ютубта) орналастырылады. Оқушылар өздеріне ыңғайлы уақытта интернет арқылы сабақтарды қайталап көруге мүмкіндік алады.
Елімізде 185 мың баланың қашықтан оқуға қажетті техникасы жоқ – Аймағамбетов
2020-08-04 09:00:57