Ақмола мен Қостанай облысында жағдай күрделі – Асқар Мамин әкімдерге тапсырма берді

2020-08-04 07:00:46
Қазақстанда 3 тамыздағы мәліметке сәйкес, 93 820 адамнан коронавирус табылған. 25 597 адам ем алып жатыр, 65132 адам жазылып шықты. 1091 адам қайтыс болды. Өткен аптамен салыстырғанда ауру жұқтырудың өсім үлесі 18 пайызға төмендеген. Жағдай Қостанай және Ақмола облыстарында күрделі. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкіметте баяндама жасады, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«4 апталық карантинде келесі жетістіктерге қол жеткіздік: ауруханалардағы жатын орындардың жүктемесі 57 пайызға азайды, олардың ішіндегі реанимациялық орындардағы жүктеме 36 пайызға азайып отыр. Жазылып шыққандар үлесі 66,4 пайызға артты. Жедел жәрдемге коронавирус бойынша түсетін қоңыраулар 40 пайызға кеміді. Инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші 24% -ға түсті. Яғни, 1,2-ден 0,8-ге дейін. Осылайша, денаулық сақтау жүйесінінің жүктемесі азайғаны байқалады. Вирустың репродуктивтілігі 1-ден төмен түссе, 1 науқастан инфекция жұқтыратын адамдар саны азайды деген сөз. Карантинге дейін репродуктивтілік 1,2 көлемінде сақталып еді. Шектеу шаралары енгізілгелі бері аталған көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келеді. 4 тамыздағы мәліметке сүйенсек, репродуктивтілік деңгейі Ақмола, Қостанай облыстарынан басқа барлық өңірде шамамен бірдей – 1-ден төмен», - деді ол.

Жалпы, Қазақстан бойынша коронавирустың тәуліктік таралуы 1,5 есеге азайған. Жоғарыда аталған екі өңір әкіміне Премьер-министр Асқар Мамин ескерту жасады.

«Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Коронавирус тіркелген жағдайлардың тәуліктік өсуі 1,2%-дан аспайды. Қазір емделіп шыққандар барлық ауру жұқтырған адамдардың 69,4%-ын құрайды. Ауруханалар жүктемесі 36%-ға төмендеді. Репродуктивтілік деңгейі 1-ден төмен келесі облыстарға атауға болады: Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары. Сонымен қатар инфекцияның репродуктивтілік деңгейі 1-ден жоғары өңірлер – Қостанай және Ақмола облыстары. Бұл өңірлерде жағдай күрделі және әкімдер эпидемияға қарсы шараларды күшейтуге аса назар аудару қажет. Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жөніндегі қарқынды жұмысты, оның ішінде маска кию режимін сақтау туралы түсіндіру науқанын жалғастыру керек»,- деп айтты А.Мамин.

Үкімет басшысы сонымен бірге пандемияның күзгі толқыны болуы ықтимал екенін, оған дайындалу қажеттігін де ескертті.