Асхат Аймағамбетов: Білім күні 1 қыркүйекте онлайн режимде өткізіледі

2020-08-04 09:00:57
Тамыз айында балалар мен ата-аналарға арнап түрлі тақырыптарда бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» сияқты бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі. Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізуді жоспарладық», - деді министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Төртінші тоқсанда (өткен оқу жылында) өз интернет-платформаларын ұсынған IT компаниялар жаз мезгілінде айтылған ұсыныстар бойынша оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтан оқытудың сапасын көтеру тұрғысында бірқатар жұмысты аяқтады. Мазмұн материалдарын толықтырумен қатар, сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейнеконференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және басқа да мүмкіндіктерді әзірленді», - деді А. Аймағамбетов.

Қазіргі кезде әр мектеп IT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар. Бұдан бұрын хабарланғандай, министр бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылатынын айтты.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында колледж студенттерінің білім алу тәртібін түсіндірді.