Оқушылар демалысқа ерте шығады, студенттер қашықтықтан оқиды - Үкімет

2020-03-12 11:00:34
Оқушылар демалысқа ерте шығады, студенттер қашықтықтан оқиды - Үкімет
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирусқа байланысты 16 наурыздан бастап барлық колледждер мен ЖОО-лар қашықтықтан оқуға көшетінін хабарлады, деп жазады AzattyqRuhy.kz.

«Орта білім беру ұйымдарын каникулға 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірге шығуын қамтамасыз етеміз. 16 наурыздан бастап, колледждер мен ЖОО-лар қашықтықтан оқытуға көшеді. Оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстырылады», - деді ол.

Сонымен бірге вице-премьер көпшілік жиналатын барлық шаралар өтпейтінін айтты.

«10 наурыздан бастап мерекелік, спорттық, мәдени көпшілік іс-шаралар, семинарлар, көрмелер өткізуге тыйым салынады. Екіншіден, денсаулық сақтау, білім беру объектілерінде және қоғамдық көпшілік орындарда, халықтық қамтамасыз ету орталықтары, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, сауда-базарларда, қоғамдық тамақтану, вокзалдар, әуежайлар, қонақ үйлерде күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режимді орнатамыз. Үшіншіден, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орталықтарына баруға тыйым салынады. Каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салынады. Қоғамдық көліктер жуылады, дезинфекцияланады», - деді вице-премьер.

Кеше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус коронавирустық инфекцияны пандемия ретінде сипаттайтынын айтты.

Оның сөзінше, соңғы екі апта ішінде Қытайдан тыс мемлекеттерде вирус жұқтыру 13 есеге артқан. COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны 120 мыңнан асады. Індет әлемнің 118 елінде тіркеліп, 4 мыңнан астам адам көз жұмды.
Просмотров материала: 0