Ринат Зайытов ауыл мектебіне ат басын бұрып, оқушылармен жүздесті / 16?

Мейірімділік – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Сол себептен оны өскелең ұрпақтың бойына дарытудың маңызы зор. Бұл ретте мектеп қабырғаларында өтетін тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың орны ерекше.

Міне, бүгін Шалқар орта мектебінде республикалық акция аясында ұйымдастырылған кезекті жиынның да басты мақсаты осы болды. Жасөспірімдерді жақсылық жасау мен ізгілікке баулу бағытындағы ауқымды шаралардың түйіні ретінде Тазагүл Тоқсейітқызы басқаратын мектеп ұжымы мен қамқоршылық кеңесі кезекті шараны бірлесе қолға алған.

Білім ошағының жиынжайына оқушылар мен олардың ата-аналары жайғасып, шақырылған қадірменді қонақтарды көруге асықты. Себебі, олардың қатарында осы ауылдың түлегі, белгілі журналистер Мақсат Толықбай, Самат Толықбай, танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов бар еді.

Салтанатты шара шымылдығы бейіт басындағы зағип қыздың монологымен түрілді. Содан кейін жас болса да өткір сөзімен, орамды ойымен ел көңілінен орын таба білген ұлтжанды ақын азамат Ринат Зайытовтың өлеңдерін оқыған жүргізушілер айтыскерді ортаға шақырды. Ал, оқушылар болса берілген ерекше мүмкіндікті пайдаланып қалғылары келгендей, көкейде жүрген көп сауалды мейманға жолдап үлгеруге тырысты.

Өз кезегінде ақын да жасөспірімдерге жақсы тілегін, ақыл-кеңесін жеткізді. Ең бастысы – адалдық пен шыншылдық екенін алға тартқан Ринат бір қазақтың екінші қазаққа жаны ашу керектігін сөз етті. Әсіресе, соңғы уақытта қоғамды дүр сілкіндірген жасөспірімдердің қатыгездігін мысалға келтіріп, балаларды «адам» деген ардақты атқа лайықты болуға шақырды.

 Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне, мән-маңызына барынша көңіл бөліп, ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген қамқоршылық кеңесінің өкілдері де келешекте бұдан да ауқымды жұмыстар жоспарда бар екенін айтып өтті. Самат Толықбайдың сөзіне сүйенсек, келешекте ауылдағы жол, ауыз су сияқты әлеуметтік мәселелердің шешілуіне кеңеске мүше болып кірген, туған жерге туын тігуді мақсат еткен азаматтар барынша өз үлестерін қосуға тырыспақ.

Жиынға ауылдық әжелер алқасының мүшелері де қатысып, аналық ақ ниетпен баталарын берді. Солардың бірі Тамара Құсманқызы ауыл берекесін кіргізіп, ырысын еселеуде аналардың да өзіндік үлесі бар екенін жеткізіп, жиналғандарды мейірімді болуға шақырды.

Соңынан ұйымдастырушылар мектептегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан шыққан оқушыларға демеушілердің көмегімен алынған сый-сияпаттарын тапсырды.