Соңғы сапарға шығарып салды

Соңғы сапарға шығарып салды

Өмірінің 60 жылын ұстаздық жолға арнаған, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Сейітхан Исаев дүйсенбі күні өмірден озған еді. Cәрсенбі күні абыз ақсақалдың жаназасы Қаскелең қаласында өз үйінен шығарылып, денесі қара жерге тапсырылды. Сейітхан Ахметұлымен қоштасу рәсіміне жиналғандардың барлығы қадірлі қариямызды тебірене еске алып, ақтық сапарға шығарып салды. Ардагермен қоштасу рәсімін аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі жүргізді. Ал, майдангер қартпен арнайы қоштасу үшін келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бұл қазаның ауыр тигенін айтып, мектеп кезіндегі шәкірті, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған телеграммасын оқып берді.
Онда: «Ұлы Отан соғысының ардагері, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған абзал жанды азамат Сейітхан Исаевтың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын.
Ғасыр жасаған қазыналы қария Сейітхан Ахметұлы ғибратты ғұмыр кешті. Майданнан оралған соң 60 жыл бойы мектеп оқушыларына тарих пәнінен сабақ беріп, оларды халқының өткенін танып білуге және отансүйгіштік рухқа тәрбиеледі. Қадірменді ұстаздың терең мазмұнды сабақтарын тыңдаған мыңдаған шәкірттердің қатарында өзімнің де болғанымды әркез мақтан етемін!
Өмірде көрген, түйгені мол ұстазымның әр жылдарда болған кездесулер кезінде айтқан тағылымды әңгімелері де жадымда. Шәкірттері мен қалың жұртшылық ол кісінің есімі мен еңбегін ұмытпайды деп ойлаймын. Жазып қалдырған кітаптары да халқының игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз.
Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннәтта болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» — делінген.
Сондай-ақ, жұбату сөзін айтқан республикалық ардагерлер кеңесінің өкілі Көпболсын Бекмағанбетов барлық қариялар мен ардагерлердің және өз атынан көңіл айтты. Одан кейін Сейітхан Ахметұлының ұлағатты ұстаздығын айтқан, Елбасымыздың сыныптасы Едіге Жүнісбеков те сөз алып, ардақты ардагердің жеткен жетістіктері мен артқа қалдырған мол мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатынын жеткізді. Осылайша, барлық тебірініспен шыққан көңіл айтулар мен дұға-тілектер тіленген соң, мұсылманның міндеті болып саналатын абыз ақсақалдың жаназасы көпшілікпен оқылды.
Ал, қариямыздың денесі марқұм зайыбы Нұрғайын Кәуезханқызының жанына жерленді. Ардақты атамыздың жаны жәннәтта, топырағы торқа болсын!