Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің спартакиадасы

Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің спартакиадасы

Өткен аптаның сенбі күнінде, Қаскелең қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, аудандық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында спартакиада өтті.
Қарасай ауданының 90 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған, «Өзгерісті өзіңнен баста» деп аталған жарысқа он командадан тұратын 120 адам қатысты.
Спартакиаданы аудан әкімі Жандарбек Далабаев ашып, мұның ауданның 90 жылдығына арналып өткізіліп отырған ең алғашқы шаралардың бірі екенін атап өтіп, қатысушылардың барлығына сәттілік тіледі.
Арнайы әзірленген ережеге сәйкес, спортшылар төрт ойын түрі бойынша сайысқа түсті. Атап айтсақ, олар – тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат және волейбол.
Қатысушы командалардың барлығы да өздерінің жақсы дайындалғанын көрсетіп, алдыңғы қатарлы, яғни, жеңімпаз болуға ұмтылды.
Алайда, аудандық орталық аурухананың ақ желеңділері өздерінің спорт жағынан да озық екенін дәлелдеді. Сөйтіп, жалпы командалық есепте, қарсыластарына дес бермей, бірінші орынды қанжығаларына байлады.
Ал, олардан аз ғана ұпаймен артта қалған аудандық әкімдіктің қызметшілеріне екінші орын бұйырса, жүлдегерлердің үштігін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары еншіледі.
Спартакиадада ерекше көзге түскен барлық үздіктерге медальдар мен Алғыс хаттар табысталды.
Міне, осылайша қазыналы Қарасай ауданының 90 жылдығына арналған спартакиада жақсы дәрежеде өтіп, жанкүйерлерге көп қуаныш сыйлады.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.