«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының конференциясы

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының конференциясы

Осыдан бір апта бұрын, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXVIIІ конференциясы болып, күн тәртібінде маңызды мәселелер қаралды. Конференцияға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Далабаев жетекшілік етіп, жүргізіп отырды. Оның жұмысына қатысқандардың қатарында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, партияның Алматы облыстық Саяси Кеңесінің мүшесі Қуат Баймырзаев, аудан аумағындағы 12 бастауыш ұйымдарының делегаттары, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері болды.
Аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы алдымен конференцияның жұмысын жалғастыру үшін жұмысшы органдарын сайлап алу қажеттігін ұсынды. Ал, делегаттар тарапы алдын ала таратылып берілген жұмысшы органдар құрамының жобасын бірден көріп, қолдағы тізім бойынша дауыстарын бірден берді. Осыдан кейін жиынның белгіленген күн тәртібі қарастырылып, жарыссөзге шыққандардың сөздері тыңдалды. Алғаш сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының арттыру» атты соңғы Жолдауының басым бағыттарын өз баяндамасына арқау етті. Дулат Мұратұлы оны кеңінен түсіндіру барысында, Президенттің Жолдауда жүктеген жұмыстары біздің аудан көлемінде де атқарылып жатқанын жіктеп жеткізіп өтті. Нақты айтсақ, халық табысының өсуіне байланысты биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша республикалық бюджеттен 575 млн 743 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда аудандағы 2077 бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақылары едәуір өскен. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің тарифтік бағалары төмендеп, білім саласында да біршама жетістіктер болған. Оның нәтижесі ретінде аудан бойынша 564 мұғалім арнайы курстан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту жүйесін үйренуін айтсақ болады. Одан бөлек, апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептерді жою мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды қоссақ болады. Жалпы аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев Елбасы Жолдауының аясында осындай ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын барынша ашып түсіндіріп жеткізді. Сөз соңын әкім орынбасары биылғы жастар жылында ауданымызда жүзеге асатын «Жастар бірлігі», «Жастар – еліміздің тірегі», «Жас кәсіпкер» және т.б. форум, фестивальдарге ұласатын іс-шаралармен байланыстырды.
Келесі сөз кезегі аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Маратқа беріліп, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы мен жасампаздық, әлеуметтік даму кезеңі» жайында ойлар ортаға салынды. Ақшолпан Қайратқызы өз сөзінде партияның қысқаша тарихына тоқталып, аудан бойынша саяси партияның ықпалымен атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды түсіндірді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселесі «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау жайында болды. Оны делегаттарға айтып жеткізу үшін І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, партияның Алматы облыстық Саяси Кеңесінің мүшесі Қуат Баймырзаевқа сөз берілді.
Сондай-ақ, сессияда аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев пен Бірінші Май ауылдық округінің әкімі Елдос Мұқатаев та сөйледі. Олар өз ойларын салмақты жеткізіп, партияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Өз кезегінде Сағындық Жұмабайұлы ауданның 90 жылдығын сөз етіп, патриоттылықтарын таныту мақсатында көпшілікті белсене атсалысуға шақырды. Ал, Қаскелең мәдениет колледжінің студенті Айсұлу Жұмашева аудан бойынша жасотандықтардың атсалысып жатқан қоғамдық-рухани жұмыстарын айтып, жастар жылында жасалатын іс-шараларын таныстырды.
Осылайша жарыссөзге жазылғандардың барлық ой-пікірлері ортаға салынғаннан кейін күн тәртібінде айтылғандарға байланысты қаулы жобасы ұсынылып, ол делегаттардың дауыс беруі арқылы толықтай қабылданды.
Конференция аяғында күн тәртібінің мынадай соңғы мәселесі қаралды: «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXV конференциясына делегаттар сайлау. Оның құрамына кіретін тізімдер алдын ала таратылып берілгендіктен, қатысушылар қарсылықсыз «құрам бекітілсін» деп дауыс берді. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы бірауыздан сайланған делагаттар құрамын құттықтап, сессия жұмысына қатысқандарға алғысын білдіре келе, конференцияны жабық деп жариялады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.