Көшелердегі көктайғақтан мертіккендер көп / 201?

Қаңтар айының соңындағы табиғаттың тосын сыйы оңтүстік астана маңындағы жұртшылықты біраз әбігерге түсіргені мәлім. Қыстың бел ортасында жаңбыр жауып, арты қарға ұласты. Соның салдарынан пайда болған көктайғақ біраз адамды мертіктіргені де жасырын емес.

Аудандық аурухананың берген мәліметіне сүйенсек, кешегі, яғни, 31 қаңтардағы бір тәулік ішінде аурухананың қабылдау бөліміне 237 науқас көмек сұрап келсе, оның 108-і травмотология бөлімшесіне түрлі диагнозбен келіп ақ желеңділердің жедел жәрдеміне жүгінген. Олардың арасында тайып құлап, жарақат алғандар да бар. 10 науқас аталған бөлімшеге жатқызылып, қалғанына алғашқы көмек көрсетіліп, дәрігер кеңесі беріліп, үйлеріне қайтарылған.

Ал, кеше біз орта жастағы әйел адамның  жол жиегіне тайғанап құлап, көлік астына түскені жайлы жазған едік. Бүгін де Kaskelenkz тілшісі ауруханаға арнайы хабарласып, науқастың жағдайын сұрады. Белгілі болғандай, 56 жастағы әйел адамның жағдайы қазір ауыр. Аяғының сан сүйегі және балтыр сүйегі сынған. Дәрігерлердің қатаң бақылауында. Алдағы уақытта оны күрделі ота күтіп тұр.