Ауылдың әлеуметтік жағдайы көтерілді

Ауылдың әлеуметтік жағдайы көтерілді

Аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы аптаның алғашқы күніндегі екінші есептік кездесуін Әйтей ауылдық округінде өткізіп, ауыл халқының қатысуымен біраз мәселелердің басын ашты. Аудан басшысының есептік қорытындысын тыңдау үшін ауыл тұрғындарынан бөлек, Алматы облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қобылан Манапов, аудан әкімінің орынбасарлары, заң саласындағы мамандар, әр салаға жауапты бөлім басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес пен кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкімбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Өткен жылы көптеген жұмыстардың жүзеге асқанын баяндамаға арқау еткен Жандарбек Ермекұлы экономикалық көрсеткіштің де жоғарылағанын айтып өтті. Онымен қоса, ағымдағы жылдың жоспарлы істері де көпшілікке ұсынылып, кейбір нысандардың осы жылы аяқталатыны да таныстырылды. Бұл жобалы игі істердің арасында аталмыш ауылдық округ пен оған қарасты ауылдарда жүзеге асатын бірқатар жұмыстардың жай-жапсары да айтылды. Соның бірі – Әйтей ауылдық округінде салынып жатқан мектеп құрылысы десек болады. 1200 орындық мектептің пайдалану мерзімі 2019 жылдың 1-ші қыркүйегі деп белгіленген. Сондай-ақ, аталған нысаннан бөлек, аудан әкімі алдағы уақытты жеті мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалып жатқанын ескертті. Олардың ішінде округке қарасты Үштерек ауылына 600 орындық орта мектепке жапсаржайдың ЖСҚ-сының әзірленуі де бар. Аудан көлемінде осындай ауқымды бастамалардың іске асатынын алға тартқан аудан басшысы басқа да іс-шаралардың орындалатынын қалың көпшілікке кеңінен жете түсіндіріп өтті.
Жандарбек Ермекұлының жоғарыда айтылған орнықты ойларынан кейін жиынның күн тәртібінде белгіленгеніндей жарыссөзге шыққан Еңбекші ауылының қос тұрғынына кезек берілді. Алдымен осы ауымен аттас орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шолпан Мелісбаева сөз алып, әлеуметтік, өңірлік экономикалық деңгейдің өскеніне қатысты пікірін білдірді. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жайлы айтып, аудан әкімінің атқарған істеріне қанағаттанарлық бағасын берді. Ал, медицина қызметкері Ұлмекен Жұмабаева өзінің қызмет саласында цифрландыру жүйесі іске қосылғанын айтып, медициналық кітапшалардың электронды форматқа көшудегі тиімділігін жеткізді. Сөз соңында ауданның 90 жылдық мерейтойына қатысты ойын айтып, Еңбекші ауылының дәрігерлік амбулатория ұжымының атынан аудан басшысына ризашылығын білдірді. Осылайша сөйлеушілердің барлық айтқаны тыңдалынып, жиынға қатысып отырған ауыл халқының айтар ойлары мен өтініштеріне де кезек берілді. Солардың алғашқысы болып Әйтей ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Шәріпқұлов сөз алды.
– Барлығыңызды келе жатқан ауданның 90 жылдығымен құттықтаймын. Оның жоғары деңгейде аталып өтілуіне ауылдастар болып бар күш-жігерімізді салатынымызды айтқымыз келеді. Жалпы, ауыл болғасын айтар мәселе көп қой. Дегенмен де, судың қажеттілігін айтпасқа болмас. Ауылымыздағы Жамбыл көшесіне су тартылса деген өтінішімді білдіргім келеді, – деді ол. Содан кейін Үштерек ауылының ақсақалы ауылдағы мектеп мәселесін қозғап, ондағы үшауысымдықты алға тартты. Аталмыш ауылдардан бөлек, Сауыншы ауылының тұрғындары мектеп, дәрігерлік амбулатория, газ магистраліне қатысты сұрақтарын қойып, ойларын білдірді. Осылайша көпшіліктен бас-аяғы 10-ға жуық сауалдар қойылып, аудан әкімінің назарына ұсынылды. Әрқайсысын кезекпен тыңдай келе аудан басшысы Жандарбек Далабаев кейбір мәселелерді жалпы қамтып, бастыларына жауап берді. Мәселен, мектепке қатысты сұрақтардың жауабын өз баяндамасында атап көрсеткендей, оның нәтижесі алдағы уақытта оңды шешімін табатынын қайталап айтып өтті. Ал, су, жарық, жолға қатысты тұрғындардың наразылықтарына аудан әкімі байыппен түсіндіріп, әсіресе, су мәселесін келешекте іске асатын ауқымды жобамен байланыстырды. Сондай-ақ, жергілікті халықтың жолға қатысты айтқандарын осы ауылдық округтің әкімі Қайсар Кикимовқа тапсырды. Ал, басқа шешілмеген әлеуметтік мәселелердің өз уақытында жүзеге асуын қадағалау үшін кейбір бөлім басшыларын жауапты етіп міндеттеді..
Аудан басшысы жиынды қорытындылай келе, талқыға түскен барлық өтініштерге байланысты өз уақытында жұмыстар атқарылғанына көз жеткізу үшін тоқсан соңында тағы бір жиналыс болатынын көпшілікке хабарлады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.