Электронды еңбек кітапшасы

Электронды еңбек кітапшасы

2019 жылғы еліміздегі тағы бір өзгерістердің бірі – ол еңбек кітапшасының электронды нұсқаға ауысуы. Бұл ұсыныс бірнеше жылдан бері Үкіметте талқыланып, Елбасының тапсырмасы бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық жоба ретінде қолданылмақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламысы аясында қосылған жаңа электрондық база азаматтардың жұмысқа орналасу процесін оңтайландыруға арналған. Яғни, халыққа көрсетілетін қызметткердің сапасын арттыру және азаматтардың жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасау болып табылады. Біріншіден, электронды еңбек шарттарын енгізу жұмысшылар үшін жұмысқа орналасу процесін жеңілдетеді, жеке іс автоматты түрде жасалады, қағаздарды жинау қажеттілігі болмайды. Бұл формат жұмыс берушімен тікелей байланыспайтын вахталық жұмысшылар үшін өте қолайлы. Екіншіден, бұл жұмыс берушілердің жұмысшылар алдындағы жауапкершілігін белгілеуге және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін жарналар мен аударымдарды жүргізілетін мониторинг арқасында әлеуметтік қатерден қорғауға мүмкіндік береді.
Электронды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі жұмыс берушіге жұмысшы туралы, оның білімі, еңбек өтілі жайында толық және шынайы ақпарат алуына көмектеседі. Жұмысшыларды іріктеу де сапалы жүргізіледі. Бұл мемлекетке жұмыс берушілермен қарым-қатынасқа мониторинг пен бақылау жүргізуге, сондай-ақ, азаматтардың кадрлық ағынын болжауға және оларды жұмысқа орналастыру бойынша алдын ала шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды форматқа ауыстырылған еңбек шарттары кадрлық есепті автоматтандыруды, қағаз түріндегі кітапшалар мен басқа да құжаттардың болмауын қамтамсыз етеді. Еңбек шарттарын цифрландыру аясында жұмысқа орналасу үшін қажетті барлық құжаттар электронды жүйе арқылы алынады. Яғни, диплом, №86 үлгідегі анықтама секілді құжаттарды жұмыс беруші жұмысқа орналасушының рұқсатымен электронды үкімет порталынан (enbek.kz) алады. Сондықтан құжаттарды нотариуста куәландырудың, нотариус тарапынан көрсетілетін қандай да бір қызметтерге шығындалудың қажеттілігі туындамайды. Аталған жоба азаматтардың жасанды құжаттар ұсынуына да жол бермейді. Себебі, жұмысқа орналасудың жеңілдетілуі бұл жобаның ең басты артықшылығы болып табылады. Яғни, қазіргі уақытта жұмысқа орналасу үшін жеке іс ашу үшін бірқатар құжаттар қажет болса, онда бұл жоба іске қосылған соң, азаматтың жеке куәлігі ғана жеткілікті болады. Ал, жұмыс беруші үшін тиімділігі – жасанды құжаттардан аулақ болуында. Сонымен қатар, азаматтар туралы жеке мәліметтердің құпиялылығына еш қауіп төнбейді. Себебі, осы бағдарламаға жауапты министрліктің барлық жүйелері міндетті түрде мемлекеттік техникалық қызметпен ақпараттық қауіпсіздікке сәйкестік бойынша тексерістен өтеді. Бұл электронды еңбек шарттары аясында электронды форматқа енгізілетін азаматтар туралы барлық деректер ақпараттық қауіпсіздікке сәйкес болуы үшін жасалады. Мұнан бөлек бұл бағдарламаның тағы да бірнеше артықшылықтары бар. Мысалы, еңбек кітапшасын жоғалтып алу кезіндегі қалпына келтіру – барлық қызметкерлер үшін өте ұзақ және жағымсыз рәсім. Электрондық құжаттарды басқару қағаз құжатын жоғалту процедурасын айтарлықтай жеңілдетеді.Қазіргі уақытта жұмыс берушілер қызметкерлерге арналған жұмыс кітаптарын сақтауды және ұстап тұруды, қызметкерлер мен мұрағаттарды бөліп беруді қамтамасыз ететін бірқатар талаптарды орындауға міндетті. Осы ретте электронды жұмыс кітабын енгізу құжаттамаға жұмыс уақытының құнын айтарлықтай төмендетуі мүмкіндік береді. Жұмыстан шығарылғаннан кейін басқа жұмыс орнына кіруді де жеңілдетуге қолайлы.
Жалпы айтқанда бірнеше жыл талқылауда жүрген аталған жоба осы жылы іске қосылып жатса, еліміздегі цифрландыру жүйесінін тағы бір бағыты жаңғыруын байқауға болады. Өйткені, электрондық жұмыс кітапшасының кейбір қиындықтарды оңай жоюға септігін тигізуі сөзсіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.