Болашақ биологтар мен химиктер де дайындалады

Болашақ биологтар мен химиктер де дайындалады

Аудан орталығында орналасқан Сулеймен Демирел университеті – болашақ мамандарды даярлайтын алдыңғы қатарлы білім ордалардың бірі болып саналады. Әсіресе, шет тілдерді тереңдетіп оқытып, кәсіби шеберлікті дамытуға бағыттау – олардың бірден-бір ерекшелігі. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш университетте химия және биология пәндері бойынша ағылшын тілінде оқытып, педагогтарды әзірлейтін жаңа мамандықтар ашылған болатын. Соның арқасында алдағы 3-4 жыл көлемінде білікті оқытушылар отандық және халықаралық еңбек нарығына жолдама алуды көздеп отыр. Нақты статистикаға сүйенсек, 2017 жылдан бері химия және биология мамандықтарына 22 талапкер қабылданса, былтыр олардың саны 116 студентке жеткен. Бұл көрсеткіштерден түлектердің мамандыққа деген қызығушылықтарын байқауға болады. Тіпті, өткен жылы осы салаға бөлінген грант иегерлерінің 48%-ы осы Сулеймен Демирел университетін таңдаған.
Бүгінгі таңда университет «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатып, ондағы оқушыларды халықаралық пәндік олимпиадаларға теориялық және практикалық тұрғыда дайындауда. Ол жайында педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы толықтай түсіндіріп, оқушылардың биоинформатика, гендік инженерия, молекулалық биология, анатомия, ботаника және зоология бағыттары бойынша білім ала алатындығын ашып айтты. Сондай-ақ, факультет деканы Талғат Ешанов былай дейді: «Оқушыларды шетелдік белді, тәжірибелі мамандар даярлайды. Мәселен, Сергей Егоров Канаданың Торонто университетінің докторанты, одан бөлек педагогика саласында тәжірибесі бар, түрлі олимпиадалардың жүлдегері ретінде өзімізден бітірген түлектер де оқу процесіне етене араласады».
Қазіргі уақытта университет қабырғасында жаңадан химия-биология зертханасы ашылып, онда 12 озат оқушы тәжірибелі мамандардан біліп алуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл зертханада білім алу кез-келген білімгер үшін тегін. Алдағы уақытта оқушылар қаңтар айында облыстық және наурызда айында республикалық деңгейде өтетін пәнаралық олимпиадаларға қатысуды жоспарлап отыр. Бұдан топ жарған төрт үздік жазда кезінде Венгрияның Будапешт қаласында өтетін әлемдік додада бақтарын сынайтын болады.
Жалпы, университет оқытушыларының алдағы мақсаты – мектеп оқушыларын тек олимпиадаға дайындаумен шектелмей, химия-биология зертханасында дәріс сыныптарын ашу.
Дидар МУХАМАДИЕВ.