СДУ-да «Алтын белгі» үміткерлері әзірліктен өтті

СДУ-да «Алтын белгі» үміткерлері әзірліктен  өтті

Ағымдағы жылдың алғашқы апталығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 650-ге тарта «Алтын белгі» үміткерлері, «Еducon» білім беру орталығының ұйымдастыруымен, СДУ базасындағы Winter CAMP – 2019 оқу-жаттығу лагерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтан өтті.
Жалпы, Winter CAMP – 2019 қыстық оқу-жаттығу лагері биыл қатарынан бесінші рет ұйымдастырылып, оған республика мектептерінен топ жарып, ең үздік атанған бітіруші түлектер іріктеліп алынған. Бескүндік бағдарлама аясында қатысушыларға еліміздің білікті мамандары мен ұстаздары дәріс оқыды. Сонымен қатар, Сулейман Демирел университетінің ректоры Қанат Қожахмет және белді жоғары оқу орындарының ректорларымен қатар белгілі қоғам қайраткерлері де жасөспірімдерге пайдалы семинарлар өткізді. Оқу бағдарламасының жоспары барысында бітіруші түлектерді мамандық таңдауға бағыттайтын еліміздің беделді 10 университетінің қатысуымен арнайы білім көрмесі өткізілді.
Бұл қысқы лагердің басты мақсаты – талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінің алдында жаңа бағыт-бағдар мен серпіліс беру. Соған орай, оқу бағдарламасы жан-жақты қызықты өту үшін қатысушыларға түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, заманауи квест ойындары белсенді түрде жүргізілді.
Шараның соңында үздік атанған топтар арнайы Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Еске сала кетсек, ҚР Білім және Ғылым вице-министрлігінің мәлімдеуінше, осы жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет, яғни, қаңтар, наурыз, маусым, шілде-тамыз айларында өткізілетін болады.
Өткен жылы ҰБТ-дан ең жоғары ұпайға ие болған Шиара Құдайбергенова өз білімін осындай дайындықтарға қатысып шыңдаған болатын. Ендеше, ұйымдастырылып отырған мұндай білім беру орталықтары оқушыларға ерекше серпін берері анық.
Өз тілшіміз.