Елбасының бастамасын кәсіпкерлер де қолдайды

Елбасының  бастамасын кәсіпкерлер де қолдайды

Жақында ғана шыққан «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда Елбасымыз қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін атап айтқан болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Сонымен қатар, бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтитынын айтып, бюджеттік мекемелердегі 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетінін нақты айтқан болатын.
Жалпы айтқанда, қазір, еліміздің бүкіл облыстарындағы кәсіпорындарда жалақыны өсіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде біздің аудан да жақсы нәтиже көрсетуде. Бүгінде Қарасай жерінде 250-ден астам жұмысшылары бар 14 ірі мекеме тіркелген. Оның ішінде 10 кәсіпорын болса, төртеуі бюджеттік салада. Ал, орта деңгейдегі мекемелердің саны – 71. Онда да бизнес бағыты басым түсіп, 55 болып тұр. Бұл үлкен және орта бизнес құрылымында жалақысы 42 мың теңгеге жетпейтін азаматтар бар. Қазір аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен Еңбек инспекциясы бірге осы азаматтардың санын анықтап, кәсіпорындардың тізімін жасап, еңбек ақысын жоғарылату мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруда. Мәселен, ең көп жұмысшысы бар мекеме болып есептелетін «Мұсахан Секьюрити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1683 адам жұмыс істейді. Ал, оның ішінде 1586-ның жалақысы жоғарыда айтылған 42 мың теңгеге жетпейді екен. Алайда, мұндай көрсеткіштің де өз себептері бар. Бұл компания күзет бағытында қызмет көрсеткендіктен, мұндағы азаматтар ауысыммен жұмыс жасайды. Яғни, бір тәулік қызмет атқарса, үш күн демалады. Еңбек ақының аз болғандығы да осыдан. Келесі «Хамле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 538 адам болса, оның 26-сы техникалық қызметтегі жұмыскерлер. Олардың жұмыс істеу уақыты толық сегіз сағатқа жетпейтін болғандықтан жұмысшылардың еңбек ақысы 42 мыңнан төмен. Дегенмен, барлық ірі, орта мекемелер Елбасының жаңа Жолдауында айтылған бастамасын құптап, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жұмысшыларының еңбекақысын көтеруге дайын екен. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиевтың сөзіне сүйенсек, ендігі жылы барлық мекемелерде жалақы 10-30 пайызға дейін жоғарылайды. Президентіміз айтқандай, енді ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайтыны анық.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.