Жолдаудың басты бағыттары жете түсіндірілді

Жолдаудың басты бағыттары жете түсіндірілді

Елбасымыздың халық назарына ұсынған соңғы Жолдауы табыс пен тұрмыс сапасының артуына негізделгені белгілі. Бір сөзбен айтқанда қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы басты міндет екенін Мемлекет басшысы айқын атап көрсетті. Жолдау жарияланғаннан бері еліміздің барлық өңірінде насихат, талқылау жұмыстары жоспарлы түрде атқарылуда. Оның ішінде біздің ауданның, әсіресе, ауыл округтерінің тұрғындарына жан-жақты түсіндіруді мақсат еткен жиналыстарды айтуға болады. Сондай ауыл азаматтарымен басқосуларды облыстық мәслихат депутаттары белсенді түрде атқарып келе жатыр.
Алдымен өткен аптаның аяғында халық қалаулысы Жандулла Әбдімұратов Шамалған ауылдық округінің қазақ орта мектебінде тұрғындармен Елбасы Жолдауын әңгімеге арқау етті. Жиналысқа тыңдаушылар ретінде округтік ақсақалдар кеңесінің мүшелері, медицина қызметкерлері, мекеме басшылары және тағы басқа ауыл азаматтары қатысты. Жақында ғана депутат дәрежесін алған Жандулла Суиноллаұлы сөз басында өзін қолдап дауыс берген тұрғындарға алғыс айтып, Жолдаудың бірқатар басымды тұстарына тоқталып өтті. Оның ішінде ұлт саулығын жақсарту, халық табысының өсуі,сапалы тұрмысты қалыптасуға арналған басым бағыттар айтылып өтті. Және де халық қалаулысы кәсіпкер ретінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына да ерекше тоқталды.
Осындай алқалы ұйымдасқан кездесулердің тағы біреуін осы аптаның басында мәслихат депутаты Әлібек Сәрсенов өткізді. Іргелі ауылдық округіндегі мәдениет үйінде өткен жиынға ауылдың белсенді тұрғындары, зейнеткерлер және бірқатар мекеме қызметкерлері қатысты. Өз сөзінде Әлібек Пернебайұлы жаңа Жолдаудың халыққа тиімді жақтарын ашып, түсіндірді. Мәселен, Елбасымыз айтқан ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту, өңірлер арасындағы туризмнің дамуына ықпал ететін бірнеше жұмыстар айтылды. Олардың ішінде «Ауыл – Ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» жобаларын әңгіме арқау етті.
Осылайша халық қалаулылары мен тұрғындар арасындағы кездесу ойдағыдай өтті. Ауыл азаматтарының сан сауалдары талқыланып, облыстық мәслихат депутаттары барынша нақты жауап берді. Аталмыш ауылдардың тыныс-тіршілігіне, мәдениетіне, әлеуетіне қатысты біраз мәселелер де қозғалды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.