Робототехника – заман талабы

Робототехника – заман талабы

Бүгінде «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін робот-дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен және асқан дәлдікпен құрастыратын робот-қолдарға көз үйрене бастады. Оны айтасыз, сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін деп отыр. Қысқасы, біздің заманымыз – робототехника заманы десек артық болмас. Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің мемлекетімізде осы бағытта дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогресстің осы бір маңызды бағытынан құр қалмауда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты былтырғы Жолдауында «балаларға арналған технопарктері желісін» қалыптастыру арқылы әлемнің озық ғылымында бәсекелестікті арттыру қажеттілігін тапсырған болатын. Осы бағыт-бағдарда оқушылардың интеллектісін дамытып, ой-өрісін кеңейту мақсатында инновациялық үйірмелер пайда бола бастады. Оның бір айғағы, Алматы қаласы бойынша бірнеше филиалдары бар «RobotX» робототехника мектебін айтуға болады. Таяуда жоғарыда аталған мекеме біздің ауданымыздағы ең алдыңғы қатарлы білім шаңырағы – Сүлеймен Демирел университеті әкімшілігінің демеушілігімен осы ғимаратта тағы да бір филиал ашты. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылған бұл мектептің негізгі мақсаты командалық жұмысты және кеңістіктік ойлауды дамытып, балаларды шабыттандыру және интеллектуалдық әлеуетті ашу.
«Робототехника мектебінде» жеткіншектер көптеген зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жүзеге асырады. Сабақ барысы балалардың жобаларды бірлесіп әзірлеуіне және ойлау еркіндігін дамытуға бағытталған. Бұл мектепті ашқандардың тағы бір мақсаты ол жас жеткіншектерге тек ғана жаңа технологияларды үйретіп қана қоймай, оларды республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыру. Мұнда оқыған балалар түрлі жобаларды жоспарлап, оны дамытуды, әр түрлі бағдарламалармен жұмыс жасауды меңгереді. Сондай-ақ, ұялы телефонға және компьютерге арналған ойындар құрастыруды, «Maceblok» конструкторы арқылы роботтарды жинап, әрі бағдарламалауды, 3D обьектілер мен интерьерді моделдеуді де меңгеріп шығатын болады.
«Робототехника мектебінде» бастапқы кезенде балалар механика немесе алгоритмдер туралы негізгі білімдер оқытылады. Екінші кезеңде оқушылар «Makeblok» жиынтығынан робот жасайды. Бұл қызықты, креативті кезең оқушыға жақсы көңіл-күй сыйлап, оның моторикасын жақсартады. Одан бөлек, осы кезеңде балалар арасында командалық қарым-қатынастар қалыптасады, ал ересектерде топтық жұмыс жақсарады. Осы кезендерден кейін роботтарды басқаратын бағдарламаны жазу басталады. Қызықты және дұрыс бағдарламаны жазуды осы жердегі оқытушылар жеке дара әр оқушыға түсіндіріп, көрсетеді.
Жалпы, «Робототехника мектебі» жоғары технологиялармен жабдықталса, су жаңа «Makeblock» құрылғысын қондырғысының көмегімен балаларды халықаралық сайыстарға дайындайды. Заманауи балалардың қиялына шексіз мүмкіндіктер беретін робототехника мектебінің жоба менеджерінің айтуынша жеткіншектерді байқауларға баптайтын СДУ университетінің Инженерлік және жаратылыстану факультетінің белді ұстаздары мен түлектері.
Ал, жоба менеджері Мұрат Айтбаев: «Балаларды аптасына бір жарым сағаттан екі рет оқытамыз. Алдағы уақытта аудан, республика көлемінде сайыстар өткізіп, балалардың білім деңгейін халықаралық дейін көтеру ойымызда бар. Балаларды ең кемі 7 жастан бастап қабылдаймыз. Мектебіміз ақылы, айына 20 мың теңге. Оқушылардың алғашқы сауатын «Maceblok» жинағынан бастап, кейін сатылы түрде жоғары деңгейге көшіп отырады. Білімнің 80 пайызы — тәжірибе, 20 пайызы — теория жүзінде беріледі. Бағдарлама бойынша бастапқы кездері робототехниканың негіздерін үйретеміз. Кейін кәсіби білімге көшеміз», – деді.
Оның айтуынша, балаларын үйірмеге бергісі келетін ата-аналар RobotX.kz сайты арқылы тіркеліп, барлық керек ақпаратты ала алады.
–Мектеп құрылымы «Makeblock» жиынтығымен ерекшеленеді. Себебі, ол эксклюзивті құрылғы болып есептеледі. «Makeblock» жиынтығын қытайлық инженер ойлап тапқан. Әлемде білім саласында қолданысқа енген бұл құрылғы Қазақстанда да қолданысқа енгізіле бастады. Мұнда белгілі бір нұсқаулық жоқ. Қиялыңыздағы кез-келген роботты осы бөлшектерден құрастыра аласыз– дейді роботехника мектебінің оқытушысы Ләйла Қамбар.
Осы мектепте жан-жақты ақпарат алған тәлімгерлер болашақта қандай мамандық иесі болуын өз бетінше таңдап, жаңа технологияларды толыққанды меңгеріп шығады. Ал, оны меңгерген ұрпақ көштен қалмай, еліміздің көркеюіне үлес қосары сөзсіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.