Салықтың сан сауалдары қаралды

Салықтың сан сауалдары қаралды

Салық мәселесі қашанда сан сұрақтың жауабының айналасында шешіліп жататыны белгілі. Ондай жағдайлар біздің ауданымыздың тұрғындары арасында да кездесіп жатыр. Өткен аптада ауданымыздың прокуроры міндетін атқарушы Дархан Досмұханбетов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Онда азаматтардың бірқатар салыққа қатысты жеке мәселелері талқыланып, әрі оның шешу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ, кабылдауға жазылғандардың өтінішін тыңдауға аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Әсет Жетпісбаев және аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары Асқар Елеманов та қатысты.
Қабылдауға жазылған қос тұрғынның қаралған мәселелері автокөлік пен үй салығына қатысты болды. Азаматтардың бірі – автокөлігін осыдан бірнеше жыл бұрын сатып жіберсе де, салық төлемдері әлі де жалғасып жатқан көрінеді. Ал, екінші тұрғынның мәселесі жылжымайтын мүлікке қатысты болды. Яғни, 1995 жылы сатылып кеткен үйдің салығы, осы уақытқа дейін жүріп жатыр екен. Осы аталған мәселелерге байланысты қабылдауға қатысқан басшылар өз ойларын ортаға салды. Аудандық прокурор міндетін атқарушы Дархан Балтабекұлы автокөлік салығына қатысты оң шешімді пікір білдіріп, уақыт өткізбей сотқа арыз беруін айтты. Сондай-ақ, ХҚКО-ның басшысы Әсет Жетпісбаев үй салығына қатысты азаматтың мәселесін назарда ұстап, алдағы уақытта көмек қолын көрсететінін жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.