Адал бастамалар айшықталды

Адал бастамалар айшықталды

Елбасымыз сыбайлас жемқорлықты ұлтымыздың қәуіпсіздігіне төнген қатерлердің бірі, әрі қоғам болып онымен күресуге шақырған болатын. Соған байланысты елімізде көптеген игі істер жасалынып жатыр. Солардың бірегейі – «Саналы ұрпақ» деп аталатын жемқорлыққа қарсы бастама.
Осы жобаны түсіндіру аясында жақында аудан орталығында орналасқан Сулеймен Демирел университетінде ел мүддесі, өскелең ұрпақтың келешегі үшін ауқымды басқосу болды. Білім ордасына арнайы іс-сапармен келген мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев, республикалық «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобалық офисінің басшысы Қайыржан Тоқушев пен университет басшылары арасында келісімді кездесу өтті. Басты мақсат – осы білім ошағында «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы технологиялар жобасын қалыптастыру. Арнайы жұмыс барысымен келген делегаттар жұмыс жоспарын бөлісер алдында, ауданымыздағы сәулеті жарасқан білім ошағының түкпір-түкпірін аралап, студенттердің өмірімен танысты.
Жұмыс барысымен келген меймандар аталмыш университеттің президенті Мейірбек Мажитов пен ректоры Қанат Темірғалиұлы арасында кеңестік келіссөз болды. Оған аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, қала әкімі Асқар Мұқашев және білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалимов те қатысып, ойларымен бөлісті. Кеңесу үстінде қозғалған тақырып жоғарыда айтып кеткен «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесін осы оқу орнында ашу туралы болды. Яғни, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен университет арасында қоян-қолтық жұмыс атқару. Онымен қоса, бұл жобаның атқаратын міндеттері де түсіндірілді. Нақты айтқанда, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастыру, әрі өскелең ұрпақты жақсылыққа тәрбиелеп, келешекте халыққа адал қызмет етуге тәрбиелеу. Мұндай мақсаты айқын жоба университет басшыларын да қызықтырды. Нәтижесінде екі жақты келісім ортақ шешім тауып, алдағы уақытта осы білім ордасында «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы технология зертханасы құрылатын болды.
Келісті басқосудан кейін Серікбай Өрікбайұлы мен Қайыржан Ахметбекұлы студенттермен ашық әңгіме аясында кездесу өткізді. Білім алушыларға «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы технологиялар жобасы кеңінен айтылып, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою арқылы одан бас тарту сияқты мақсат-міндеттер түсіндірілді. Сөз арасында білімгерлер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше сауалдар да қойылып жатты. Мәселен, аурухана, мектеп, құқық қорғау органдары сияқты мекемелердегі сыбайлас жемқорлықты қалай жою туралы сұраққа Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев еш ойланбастан жауап берді.
– Біздегі облыстық Департамент жемқорлыққа қарсы күресті мықтап қолға алған. Әсіресе, ұлттық бюро құрған комитет қарқынды жұмыс атқаруда. Егер әр аймақта немесе мекемелерде сыбайлас жемқорлық байқалса, арнайы операциялық топ құрылып, тергеу жұмыстары жүргізіледі. Кінәлі деп танылған тұлғалар заң жүзінде тиісті жазасын өтейтін болады. Тіпті, облыс көлемінде мұндай заң бұзушылықтар кездескен де болатын. Нәтижесінде, қылмыстық істер әшкере болып, айыптылар жауапқа тартылды, – деді облыстық Агенттіктің департамент басшысы.
Кездесу соңында Серікбай Өрікбайұлы Сулеймен Демирел университетінің студенттерін келешекте Департаментте жұмыс жасауға шақырды. Әрі аталмыш оқу орнының мамандықтары заманауи қоғам талабына сай шет тілдерді терең оқытатын болғандықтан, қай-қайсы болсын қажетті мамандар екенін жеткізді.

Дидар МУХАМАДИЕВ.