Ұлт әдебиетінің тарлан тұлғалары еді…

Ұлт әдебиетінің тарлан тұлғалары еді…

Күздің қара суығы қазанда қазақ әдебиеті қос қаламгерінен айырылып, қара жамылды. «Бір кем дүниесін» ұрпаққа мұра етіп қалдырған, заңғар жазушы, журналист Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды. Шындықтың жебесіне айналған Шерағаны жер қойнына тапсырып, енді ес жия бастағанда, араға апта салып, қазақ руханияты тағы бір ауыр қазаға душар болды. 81 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, сатира жанрын серік еткен Әбдірахман Асылбек өмірден озды. Бозторғай болып бозбаланың мұңын қазаққа жеткізген ақын ағамыз өткен аптада келместің кемесімен мәңгілік сапарға аттанды.

Шындықтың шекпенін киіп, мінберде талай елдің мұң-мұқтажын мұңдаған, қазақ халқының қайсар ұлы Шерағаның орны бір бөлек. Әсіресе, жас ұрпаққа «Қызыл жебе» мен «Ай мен Айша» романдары өшпестей туынды болып қала бермек. Қаламгердің қаламынан туған шығармалары бүгінде әлем әдебиетінде де әйгілі. Мысалға, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Боранды бекет» сынды повесть, романдары Шерхан Мұртазаның аудармасы арқылы дүйім көпшілікке таралды.
Ағамыздың жазушылықтан бөлек, журналистика саласында бағындырған белесі бір төбе. Оның қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегі де жетіп артылады. 1989-1992 жылдары Шерағамыз «Социалистік Қазақстан» газетінде басшылық етіп жүріп, «Егеменді Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») деген атауды өзі қойғанын бірі білсе, бірі білмес. 90 жылдары тәуелсіздікке қол жетпеген заманда бұлай ат қоюдың өзі нық қадам, әрі ерлік емес пе?! Осындай қанындағы қайсарлығы мен бойындағы батырлығы бар аңыз адамның қазақ телевизиясына да сіңірген еңбегін айтпасқа болмас. Әсіресе, ұлттық арнадағы таңмен таласа оянатын «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасы журналист Шерханның ықпалымен құрылып, көрермен көзайымына айналды. Бүгінгі таңда ширек ғасыр ғұмыры бар сазды-ақпарат таратушы телевизиялық жоба әлі де күн сайын тікелей эфир арқылы қалың көпшіліктің назарында. Міне, осындай жетістікке толы жұмыстарға мұрындық болған Шері ағаның өзі еді. Иә, неге Шері дейсіздер ғой?! Қаламгердің негізгі шын есімі – Шері. Қарлы таудың шыңында мекен ететін жыртқыш аң – барыспен байланыстырып қойылған екен. Бұл да оқырман үшін тың дерек десек те болады.
Сондай-ақ, халық жазушысы Парламент депутаты болып жүріп, өткір тілмен елдің өзекті мәселесіне де жақын араласты. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, халқының мұңын мұңдалап, мінберлерде айтылған талай ойы ақиқат заңға айналғаны тағы бар. Халық қалаулысы атанған Шерхан Мұртаза ана тілдің мәртебесі үшін, ел мен жердің тұтас тағдырын ту етіп шырылдағандардың бірі болды. Табандылық пен қайсар мінездің арқасында ұлттық мүдде депутат қанатының астында талай қорғалды.
Алдаспан ақиқатының аңызы Шері ағамыз туралы естеліктер мен оқырманға таңсық, қызық деректер жетіп артылады. Сол өнеге өсиеттері мен қалдырған қазынасы келешек ұрпаққа мол мұра болып қала бермек.
Алаш абыройына айналған Шерхан Мұртазаның қазасы қалың қазаққа ауыр тигені рас. Абыз ағамыз ақтық сапарға аттанғаны сол еді, бір апта уақыттан кейін қазақ әдебиеті ақын Әбдірахман Асылбекпен де қош айтысты. Ғибратты ғұмырын қара өлең арқылы қазақ өнеріне, одан қалса балалар әлеміне арнаған сыршыл, ақын жанды кісі еді. Еңбек жолын сатира мен аударма жанрларымен байланыстырып, сезімге толы лириканы жырлап өткен ағамыздың шығармалары ел аузында. Олай деуімізге негіз де бар. Өйткені, күллі қазаққа танымал, жас жұбайлардың бой тұмарына айналған «Жар-жар» әнінің мәтіні Әбдірахман ағамыздың қаламынан туғанын көбісі біле бермейді. 1959 жылы 20 жастағы бозбала Әбдірахман досының тойына бұл жүрек жарды жырын арнаған екен, онысы ел арасында тез таралып, сол дәуірдің хит әндерінің бірі болады. Расында, бұл керемет туынды қаншама үйлену тойдың гимніне айналып та үлгерді. Одан бөлек, ақын ағамыз сонау 86 жылдардағы көтерілісті де үнге қосты. Тепкі астында қалған қайсар жігіттер мен бұрымды шаштары жұлынған қыздардың аяусыз тағдырлары ақынның жүрек қылын қозғап, жалынды жыр дүниеге келді. Ол – «Желтоқсан желі» деп аталды. Алғашында композитор Әбиірбек Тінәлиев әуенін қағаз бетіне түсіріп, кейін мәтін жазуға келгенде Әбдірахман ағамызға қолқа салған көрінеді. Міне, содан бері бұл тамаша туынды бүкіл қазақ даласына таралып, тебіреніспен шырқалатын рухты әндердің біріне айналды.
Әбдірахман ағамыз сондай-ақ, «Бозторғай» болып боздаған жетім баланың зарын, қаусаған қарттың мұңын «Қара шал» термесі арқылы толқыта жеткізіп, ел есінде тағы қалды. Оның сезімге толы лирикалық 1000-ға жуық ән мәтіндері қазақ мәдениетінің алтын қорында мәңгілік сақталмақ.Қаламгердің қаламынан туған жыр жауһарлары келешек ұрпаққа асыл қазына. Ел аузында жатталған ұмытылмас шығармалары тұрғанда қазақ поэзия тарланының хаты да, аты да өлмейді.
Иә, қарасөздің қаймағына айналған ардақтылардың қазақ әдебиетіндегі орны ойсырап тұрары хақ. Амал нешік! Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қос қаламгердің қазасы алаш жұртына да ауыр тиді.
Біз үшін тау тұлғалардың аманат еткен мирасы – олардың тамаша туындылары. Өшпес өнегелері тұрғанда қазақ әдебиеті мен руханиятының жалауы жығыла қоймас. Әрі олардың қалдырған даналығы мен өсиеті қазақ оқырмандары үшін сарқылмас байлықпен тең.

Дидар МУХАМАДИЕВ.