Айшықты ойлар ортаға салынды

Айшықты ойлар ортаға салынды

Елбасымыздың осы жолғы ұсынған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында жан-жақты талданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осындай мақсатпен осы аптада ауданымызға ҚР Мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі – Шакир Хахазов арнайы іс-сапармен келді. Халық қалаулысы алдымен «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ мекемесінде отырыс өткізді. Бұл басқосуға аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева мен аталмыш мекеменің басшылары, қызметкерлері қатысты. Мәжілісмен Шакир Хусаинұлы Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған Жолдауын жан-жақты зерделеп, тыңдаушыларға басым бағыттарын түсіндіріп өтті. Сөз арасында холдинг қызметкерлерімен пікір алмасып, ұсыныстары мен сұрақтарына тоқталып отырды. Сондай-ақ, жұмыс орнына қажетті заттар немесе жалақы бойынша мәселелер болса, ашық айтуға болатынын жеткізді. Егер күрделі мәселе туындаған жағдайда тұрғындар жеке сайтына сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын ала алатындарын да түсіндіріп кетті.
Мәжіліс депутаты Шакир Хахазовтың жұмыс сапары ауданымыздағы жалпы білім беретін «Немере» мектебінде жалғасты. Ондағы балдырғандарға арналған асхана, хореография, информатика, кітапхана, дене шынықтыру және басқа да сынып бөлмелерімен танысты. Халық қалаулысы аталмыш білім ордасын аралап қана қоймай, бүлдіршіндердің концерттік бағдарламасына да куә болды. Содан кейін жоспар бойынша мәжіліс залда аудан басшысының орынбасары Айжан Нұрділдәқызының қатысуымен жиналыс өтіп, оған аталмыш мектептің ұжымдары да белсенділік таныта өз ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында Парламент депутаты жоғарыда айтып кеткен Елбасы Жолдауының маңызды жоспарлы жұмыстарына кеңінен тоқтала кетті. Оның ішінде келер жыл «Педагог мәртебесі туралы» Заңның әзірленетіні туралы ойын ауқымды жеткізіп, тіпті, осы Заңның құрылуына өзі ықпал еткендігін де әңгіме арасында айтып қалды. Сонымен қатар, мекеме қызметкерлерінің сауалдарына жауап беру арқылы білім саласына байланысты біраз тұщымды ойларды әңгімеге арқау етті. Басқосудың соңында «Немере» мектебінің басшысы Угай Эльвира сөз сөйлеп, арнайы жұмыс барысымен келген мәжілісмен Шакир Хахазовқа ерекше ризашылығын білдіріп, мекеме ұжымының атынан алғыс айтты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.