Махамбет оқулары өтті

Махамбет оқулары өтті

Тарих дегенде шежіреге толы батыр бабаларымыз бен ұлы ғұламаларымыз жайлы айтпасқа болмас. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да тарихымызды тануға, оны жас ұрпаққа насихаттауға арналған. Осы орайда Мемлекет басшысының мақаласын негізге ала отырып кеше Ғабдуллин орта мектебінде азулы ақындардың бірегейі Махамбет Өтемісұлының отты жырларына арналған «Біз Махамбеттің ұрпағымыз!» атты жарыс өтті. Халық-тың санасын оятуға рухты өлеңдері-мен ой салған, Махамбеттің бойындағы қасиеттері жас ұрпаққа үлкен үлгі. Оның өлеңдері тасқындаған қайратымен ғана емес, ең алдымен, терең толғайтын, кемеңгер ақылдың көрінісі. Жалпы, байқауға қатысушылар өршіл ақынның өлеңдерін эссе түрінде талдап, мәнерлеп оқудан бақ сынасты. Жарыста аймақтың тоғыз мектебінен 10 оқушы додаға түсті. Жастардың бұл сайысқа ерекше дайындықпен келгендерін де байқауға болады. Қазақы нақыштағы киген киімдері бұл кештің ажарын одан ары аша түскендей болды. Қатысушылардың «Ереуіл атқа ер салмай» кезеңінде нақышына келтіріп оқыған өлеңдері мен, «Мен-мен едім, мен едім» атты тақырыпта жазған шығармалары арқылы қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Атап айтқанда жүлделі үшінші орынды Абай №2 орта мектебінің оқушысы Алуа Кенесова алса, екінші орынды Толстой орта мектебінен Балауса Абдигалиева иеленді. Ал, жеңімпаз атанған Мәметов орта мектебінен Талант Есдаулет бірінші орынға лайық деп танылды. Басқа да қатысушылар да назардан тыс қалмай, оларға да ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.