Қарасай аудандық полиция қызметкерлері тыл еңбеккерінің үйіне барды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі patrul.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Құқыққорғаушылардың мұндағы мақсаты - бала күнінен ертерек еңбекке араласқан тыл ардагері, Қаскелең қаласының тұрғыны Күлжан Нысанбаеваны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтау еді.
Күлжан Нұрқалиқызы 1935 жылы осы Қарасай ауданында туған. Қазір ардагердің алты баласы, олардан өрбіген 20 немересі бар. Полиция қызметкерлерінің арнайы ат басын бұрып келіп, мерекеде құрмет көрсеткеніне қуанған ана оларға өткен өмірі жайлы, сол бір сұрапыл соғыс кезі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Ал, өз кезектерінде Қарасай аудандық Полиция басқармасы басшысының орынбасары, полковник Абай Тынышбаев бастаған өзге де қызметкерлер, майор Ербол арыстанов, аға сержант Темірлан Кеңшіліков ардагер анаға жақсы тілектерін жеткізіп, гүл шоғы мен азық-түліктен құралған сый-сияпатын тапсырды.