Жасөспірімдер жауынгер ата-апаларын үлгі тұтады / 20?

Өскелең ұрпақ батыр ата-апаларының ерлігін ешқашан ұмытпайды және үлгі тұтады. Өйткені, білім мекемелерінде олардың жанкештілігі мен өмір жолы жан-жақты насихатталуда, деп хабарлайды Kaskelenkz.

Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қаншама жауынгер от пен оқтың ортасында қаза тапты. Бұл сұм шайқаста көрсеткен ерліктері үшін 11,5 мыңнан астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде 500–ден астамы қазақстандық болса, 100-ден астамы қазақ халқының ұл – қыздары. Фашизммен күреске Қазақстан да осындай лайықты үлесін қосты.

Бұл аттары аңызға айналған батырларымызды насихаттау, дәріптеу мақсатында Шамалған бекеті ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен, Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің қатысуымен «Жеңіс жалауы мәңгілік» атты тақырыпта мерекелік кеш болып өтті. Алдымен Ұлы Отан соғысы жайында арнайы слайд көрсетіліп соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. 
Кеште патриоттық әндер шырқалып, ақындарымыздың соғыс тақырыбына жазылған өлеңдер оқылды. Сондай – ақ, «Жауқазын» драма үйірмесінің оқушылары «Мәншүк» атты көрініс көрсетті. Көріністе қазақ батыры Мәншүк Маметованың соғыста көрсеткен ерлігімен ауылда тілегін тілеп отырған ана бейнесін керемет сомдап көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. 


Кеште арнайы екі бөлімнен тұратын кітап көрмесі де ұйымдастырылған. Бірінші бөлім «Мәңгілік өшпес жылдар» деп аталды. Онда Ұлы Отан соғысы туралы жазылған тарихи кітаптармен суреттер, жауынгерлердің естеліктері топтастырылды. Ал екінші бөлімге «Мақтан тұтар алып тұлға» атты тақырып берілді. Бұл бөлімде ауылдан шыққан батыр ардагер,майдангер жазушы И.Есқараұлының көркем шығармалары және естелік хаттары мен суреттері, сондай-ақ мақалалары қойылды. Кітап көрмесіне кітапханашылар библиографиялық шолу жасап, оқырмандарға таныстырды.