9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні Қарасай ауданында жақсы аталып өтті. Бұл күні таңертеңмен көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттерін ұстап, батыр аталарына тағзым етіп, Қаскелең қаласының Абылайхан көшесін бойлай, орталық алаңға беттеген топты көрген жұртшылықтың бірақ таң қалғаны рас. Себебі, бұған дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан «Мәңгілік даңқ» шеруі болмайды деп хабарланған еді. Оның себебін шенділер мұндай ауқымды шаралардың тек облыс орталығы мен ірі қалаларда өтетіндігімен түсіндірген. Осылай, бірден неге әкімдік өкілдері БАҚ-қа жалған ақпарат берді деген сұрақ туындады. Бірақ, түсінгеніміздей, тарихқа тағзым етіп, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуді мақсат тұтқан қала тұрғындары ешқандай тыйымға қарамастан бас қосып, алаңға шыққан сыңайлы.
Аудандық әкімдік бекіткен мерекелік бағдарламаға сәйкес, алдымен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай, орталық алаңда аудан әкімі Жандарбек Далабаев алаңға жиналған тыл еңбеккерлерін, ауған соғыс ардагерлерін және Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің ұрпақтарын атаулы күнмен құттықтады. Мұнан кейін аудан әкімі бастаған мекеме басшылары, қоғам белсенділері «Мәңгілік алауға» барып, майданда шейіт болған батырлардың асқақ рухын ардақ тұтып, гүл шоқтарын қойды. Сосын мереке иелері «Достық» мейрамханасына жайылған ақ дастарханға бет алды.
Сондай-ақ, орталық стадионда концерттік бағдарлама өтті. Мұнда Жандарбек Ермекұлы құттықтау сөз сөйлеп, атаулы күннің маңызына тоқталып, жиналғандарға жақсы тілегін арнады. Сонымен қатар, шара барысында аудандағы мектеп оқушыларынан құралған саптық шеру жүріп өтті. Әсем ән шырқалып, би биленді.
Бұдан бөлек, бұл күні стадион маңына ауыл еңбеккерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.