Қаскелең қаласындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы көшенің тұрғындары жол азабын тартуда, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Бұл келеңсіз жағдай туралы редакциямызға тұрғын Бақытгүл Есқараева келіп хабарлады. Өзі 20 жылдан астам мекендейтін үйіне апарар жолдың жайсыздығынан шаршаған ол бұған дейін бірнеше рет қалалық әкімдіктің де есігін қағып, көмек сұраған. Дегенмен, күтіңіздер, шыдаңыздар дегеннен басқа жауап алмаған.
Көшені мекедеушілердің үлкені де кішісі де жауын жауған сайын қылаң беретін бұл проблемадан әбден мезі болған. Себебі, жауыннан жиналған су мына ойық шұңқырда айға жуық тұрып алады да, жер астына сіңіп, жолдың екі жағындағы үйлердің ішіне қарай өтуде. Табиғаттың мұндай жағымсыз тосын сыйларының зардабын мұндағы тұрғындар былтырғы көктемгі су басу кезінде-ақ әбден тартқан. Бұл көшеге жаяу жүргінші тұрмақ, көліктің де қатынауы қиын. Тұрғындардың айтуынша, тіпті такси қызметін көрсетушілер де оларды орта жолдан қалдырып кететін көрінеді.
Тарихта қанды әріптермен жазылып қалған екінші дүниежүзілік ҰОС кезінде рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев атындағы көшені мекендейтін 20-ға жуық отбасы бұған дейін өз күштерімен де ойық-ойық көшені тегістеу үшін тас пен құм төгіп өз беттерінше әрекет етіп көрген. Ол пайда болған шағын көлшіктің айналасына тізбектеле қойылған резеңке дөңгелектер мен қапқа салынған құмдардан да көрініп тұр. Дегенмен, әрекет сәтсіз, шұңқырға жиналған арам суға олар да тосқауыл болар емес. Сондықтан, тұрғындар жергілікті әкімдіктің халық батыры атындағы көшеге жеткілікті көңіл бөлгенін қалайды.