Алдағы алар асу – «Славянский базар» байқауы

Алдағы алар асу – «Славянский базар» байқауы

Өнер – өзгеше әлем. Сырт көзге әдемілігін, әсемдігін ғана көрсеткенімен, оның шынайы шыңына жету жолы, әрине, оңай емес. Себебі, сахна – киелі орын. Ол жасандылықты, жалғандықты, жалқаулықты көтермейді. Сондықтан да, бойындағы дарынын дамытып, өнер әлемінде өрісін кеңге жайғысы келетін адам ұдайы еңбек үстінде болғаны абзал. Міне, биыл кәсіби мерекесі қарсаңында жылдың «Үздік мәдениет қызметкері» атағын алған Қалбибі Абдуллаева дәл сондай жан. Өңіріміздің мәдениет саласында өзіндік орнын әлдеқашан айқындап алған әнші қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеуге құлшына кірісіп кеткен. Қанатының астына алған әр жас дарынның жеке талантын ашып, ел алдына жаңа қырынан сан құбылтып шығарып жүрген ол үшін алынбайтын асу жоқ. Олай дейтініміз, бүгінде «Қалбибі өнер студиясының» оқушылары жоғары деңгейдегі байқаулардағы биік белестерді бағындыра бастаған.
Нұрлыбек Сапарбайдың есімі қазірде жерлестеріне ғана емес, жалпы ел көлемінде жақсы таныла бастаған. Он бір жасар балдырған сахнадағы емін-еркін қимылы, жарасымды биі, диапазоны кең дауысымен жұртшылықтың жанын әлдеқашан баурап алған. Былтыр Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» Қорының бірегей жобасы Ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауында жүлдегер атанған ол наурыз айында Париж қаласындағы «Уолт Дисней» саябағына барып, тың әсерге бөленіп келді. Сонымен қатар, биыл аталған конкурстың шымылдығын әсем әнімен түріп берді.
Сондай-ақ, 12 жастағы Аяжан Назарбаева атты шәкірті таяуда ғана Астана қаласында өткен, М.Ілиясованың «Жұлдыз болғың келсе» атты жобасында бағын сынап, бірінші орын алып келді.
Осы жақында ғана, яғни, 29 мамырда Алматыда ХХ «Бозторғай» халықаралық байқауы басталған еді. Қалбибі Алпысбайқызы ол өнер додасына да алты оқушысын, «Қазақстан» атты оркестрлік ансамблін апарып, бірнеше мемлекеттен келетін жас дарындармен бәйгеге қосты. Әрине, бұл үшін де өзіне деген үлкен сенім, жасымас жігер керек екені даусыз.
Әрбір күні алдын ала жоспарланып, тынымсыз жұмыс үстінде жүретін ұстаздың алдағы уақыттағы мақсаттары да айқын. 8-13 шілде аралығында Әбілхайыр Жұмабай есімді шәкірті Беларуссияның Витебск қаласында өтетін «Славянский базар» конкурсына жолдама алып отыр.
Әлбетте, «Қалбибі өнер студиясының» жетістіктері мұнымен шектелмейді. Себебі, әр жеңіс шығармашылық ұжымды одан да жоғары асуларға жетелей түседі. Сондықтан да, барлық осы игіліктің басында жүрген кәсіби маман, мықты вокалист мерейін өсірген «Үздік мәдениет қызметкері» атағына әбден лайық!

Клара КӨПБАЕВА.