Педагог-психологтар сынға түсті

Педагог-психологтар сынға түсті

Жақында, «Өрлеу» Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығы АҚ филиалы «Алматы облысы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау кафедрасының ұйымдастыруымен, «Жылдың үздік педагог-психологы – 2018» облыстық байқауы жоғарыда аталған мекеменің мәжіліс залында өтті. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бойынша алдын ала әр ауданның қатысушы педагог-психологтарының ұсынысы, портфолиосы мен авторлық бағдарламалары жинап алынды. Ал, екінші кезең үш шарттан тұрды. Атап айтсақ, олар: «Менің шығармашылық жетістігімнің тарихы», «Отбасында, мекемелерде, интеграция жағдайында жеке тұлғамен зерттеу жұмысын тиімді ұйымдастыру және жағдаяттан шығу», «Сурет бойынша анализ жасау».
Қазылар алқасының құрамында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» директорының ғылым жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, доцент Толқын Ауелгазина, ҚызПУ теориялық және практикалық психология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, психология ғылымдарының кандидаты Мариям Бапаева, Қазақ Ұлттық медициналық университетінің аға оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Рауан Алибаева, «Өрлеу» БАҰО АҚ Алматы облыстық филиалы «Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қамтамасыз ету» кафедрасының аға оқытушысы Жадыра Абдрахимова болды.
Байқауға 16 аудан мектептерінің үміткерлері қатысты. Нәтижесінде бас жүлдені Қарасай ауданының психологы Әсел Танатова, 1-орынды Кербұлақ ауданынан Маржан Жексенбаева, 2-орынды Ескелді ауданынан Адеуғайша Жанаева, 3-орынды Қаратал ауданынан Рауан Сагинбаева мен Панфилов ауданынан Рауан Несипбекова жеңіп алды. Жеңімпаздарға мақтау қағазы және бағалы сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар, 6 ауданның психологтарына «Үздік психолог» номинациялары, ал, 7 ауданның психологтарына мадақтамалар табысталды.
М. ДЖАМАЛИЕВА,
Әуезов орта мектебінің педагог-психологы.