«RAKHYM» қорының мақсаты маңызды

«RAKHYM» қорының мақсаты маңызды

Осы аптаның сәрсенбісінде, балаларды қорғау күніне орай, ауданымыздағы мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға арналған «RAKHYM» қайырымдылық қоры мерекелік шара өткізді. Бұл орталық ауыр тағдырларын арқалап келген балалардың денсаулығын педогогикалық-психологиялық түрде қолдауға бағытталған.

Алатаудың баурайында орналасқан орталықтың таңғажайып көрінісі кіргеннен-ақ көңілге жылу ұялатады. Ауа райы да бұл күні шуағын шашып, нұрын төгіп тұрғандай болды. Сыңғыр күлкілі сәбилеріміздің барлығы бақытты болуға лайықты.Өкінішке орай, қоғамда өздігінен жүгіріп, секіріп ойнай алмайтын балдырғандар да бар. Ортадан жырақ қалған балалар ерекше күтім мен қолдауға зәру. Кейбіреуі үнемі медициналық қызметкер мен педагогтың назарында болуы тиіс. Ал, арнайы мекемелердің саны шектеулі. Сол себепті біз сөз етіп отырған орталыққа жүктелер жауапкершілік жоғары, сенім де зор.
Шын мәнін де, жинаған қаражатын басқа бизнес көзіне салса тезірек ақтап алатынын білсе де, қайырымдылықпен айналысуды жөн көрген кең пейілді жандардың еңбегі зор. Орталықты ұйымдастырып, жұмысын жүргізуге ұйытқы болып отырған қор кеңесінің төрайымы Раушан Байтанова бастаған Асылбек Наурызбаев пен Бекет Әбілов атты құрылтайшылар, міне, солардың қатарынан. Есігін тоғыз ай бұрын ашып, апробациядан өткен орталықтың жұмысы бүгінгі таңда қызу жүріп жатыр. Аталған сауықтыру мекеменің ашылу алдында ғылыми-практикалық конференция өткенін еске салсақ артық болмас.
Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Еңбекке үйрету, тірлікте өз орнын табуға баулу, өмірге икемді жеке тұлға қалыптастыру қажет. Осыған байланысты мұндағы педагогтар да балаға арналған жеке даму бағдарламасын басшылыққа алады. Ата-ана мен педагогтар бірігіп атқарған жұмыстардың нәтижелері де жоқ емес. Қазіргі таңда 40-қа жуық бала тегін ем қабылдауда. Соның ішінде, арбаға таңылған орталықтың көмегіне жүгінген Назерке Салимхан мен Катя Моторина ем қабылдау арқылы өз аяқтарына тұратын болған. Тіпті, олар мерекелік кеште қонақтарға арнап өздерінің жыр шумақтарын , музыкалық сәлемдерін жеткізді. Яғни, орталық балалардың жанынан табылып, тек олардың денсаулығына ғана мән беріп қоймай, сонымен қатар, өздері қатарлас замандастарымен бірге дамуларына қолғабыс етіп отыр.
Ал, жалпы шараны Қаскелең қалалық мәдениет коледжінің студенттері әсем әнмен, күмбірлеген күймен әрледі.
Оңалту орталығының емделушілеріне арналған осы қайырымдылық концертінің өтуіне қаламыздағы «Хамле», «Мавид», «АС-МАР», «Тірлік» ЖШС-лері мен «Бычкова» жеке кәсіпкерлігі, «Үміт» мейрамханасы өзіндік көмектерін көрсеткендіктерін де айта кеткен жөн. Ал, «Додо» асханасы балаларға дәмді пицца ұсынды. Бүлдіршіндер сыйлықтар алып, ойнап-күліп шаттанды. Әсіресе, ұжымның үлкен қолдау білдірген «BN Invest» қаржылық-өнеркәсіптік холдингі мен баннер ұсынған «Шабыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне деген ризашылығы ерекше.
Жиынды қорытындылаған қайырымдылық қорының төраймы Раушан Байтанова болашақта атқарылатын мақсатты жұмыстарын атап айтып, ата-аналар атынан демеушілерге алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта бассейнмен бірге массаждық кабинеттер, арнайы спорттық залдар ашылып, иппотерапияның маңыздылығы артатынын тілге тиек етті.
Шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілдері, аудандық білім бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысып отырды.
Бір айта кетерлігі, бұл орталықта негізінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр науқасты балалары емделеді. Сондықтан да олардың үздіксіз ем алуларына қаражат қолбайлау болмас үшін жомарт жандардың жәрдемі артықтық етпейді. Егер аталған реабилитациялық орталыққа қолдау көрсетемін деушілер болса, мына реквизиттер бойынша көмектесе алады:
«RAKHYM» Қайырымдылық қоры
БИН 160640014479
«Kasso nova» банкі
(KZT) KZ28551A128000005KZT;
(USD) KZ05551A128000004USD
«Qazqom» банкі
KZT) KZ799262301195154000KZT;
(USD) KZ529262301195154001USD
Rakhym.com сайты
Байланыс телефондары:
8707 425 10 68; 8702 408 00 00.

Бұрым ОРЫНБАСАР.