«Ұлы дала мұрасы»

«Ұлы дала мұрасы»

Көктемнің алғашқы күні ауданда тағы бір тамаша мәдени шараның ашылу салтанаты өтті. Ашылғанына бес жыл толып отырған «Анаға құрмет» музейі, ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, «Ұлы дала мұрасы» атты бес күнге созылатын көрме ұйымдастырыпты. Оның алғашқы күні қазақ қолөнерін дүниежүзіне танытып жүрген, атақты этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада арнайы келіп, көрме аяқталғанша өзінің тамаша өнерінің қыр-сырымен бөлісіп, арнайы сертификаттары табысталатын тегін шебер сабақтар өткізумен қатар, көптеген сыйлықтар ұсынды.
Алдымен концерттік бағдарламамен басталған жиынның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханова айтып, ізгі тілегін білдірді. Атаулы бастаманың маңыздылығын тілге тиек еткен ыстық ықыластар ретін аталмыш мәдени орданың негізін қалаушы Бақыт Шпекбаева жалғап, еліміздегі қолөнерді дамытуда үлкен жетістіктерге жетуге тілектестігін білдірді. Мұнан кейін, әсем әуен, күмбірлеген күй, мың бұралған биге шабыттана қараған тігін өнерін үйренуге ниетті қыз-келіншектер музей жанында орналасқан қазақ үйге асықты. Ол жерде Ырза Тұрсынзада жиналған 110-ға жуық әйелге тігін техникасын үйрететін шебер сабақ барысында бәрін айқындай айтып, тәжірибе жүзінде көрсетті. Мұндай мәдени шараның легі алдағы үш күнге жалғасты. Сондай-ақ, атақты этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада ханым осы көрменің аясында, өзінің бастамасына қолдау көрсеткен «Анаға құрмет» музейіне ыстық ықыласын білдіріп, қолынан шыққан бұйымдарын сыйға тарту етті. Атап айтар болсақ, сонау ерте замандағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін орталықтың бір бұрышын енді дизайнердің тіккен құрақ көрпесі мен жастықтары толықтыратын болады.
Сонымен, наурыздың бірінші күнінен басталған «Анаға құрмет» музейіндегі Ырза Тұрсынзада ханымның шебер сабақтары өз мәресіне жетіп, нәтижесін қорытынды күні көрсетті. Үш күн ішінде қыз-келіншектер тігін өнерінің қыр-сырын үйреніп, нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды. Осы уақытта шебер сабаққа қатысушылар қызылды-жасылды көз сүйсіндірер көрпелерді құраудың қыр-сырын меңгергенін анық байқауға болады. Ауданымыздың нәзік жандарына арналып ұйымдастырылған шараға қатысты аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова мен музей негізін қалаушы Бақыт Шпекбаева оның мән-маңыздылығын тілге тиек етіп, өте жақсы деген бағаларын берді. Басқосу концерттік бағдарламадан кейін марапаттау рәсіміне ұласты. Мадақтау кезеңінің алғашқысын «Аманат» ауған соғысы ардагерлері одағының жетекшісі Бақытжан Мулинов бастап, шараның өтуіне ұйтқы болған бірқатар белсенділерге «Құрметті ұстаз», «Ана жылуы» атты медальдарды тапсырды. Ал, музей әкімшілігі де осы жиынға келгендерді құр қол қайтармай, өз сертификаттарын берді. Барлығы үшін – сыйлықтың төресі Ырза Тұрсынзаданың курсынан өтті деген сертификаттар болды. Жиынды қазылар алқасы сараптай келе, демеушілер ұсынған машиналарды шебер сабақтарынан өткен арулардың ішінен көпбалалы, жағдайы төмен үшеуіне алдағы уақытта қосымша табыс көзі болу үшін ұсынды. Ұрпақтар сабақтастығын арттырып, ұлттық өнегені насихаттаған мәдени шараның қорытынды кеші аталмыш ару аналарға арналған тарихи орталықта түйінделді. Мерекелі басқосудың соңы музей қызметкерлерінің дайындаған ақ дастарханындағы көжеден дәм татумен аяқталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.