«Құқықтық турнир» ұйымдастырылды

«Құқықтық турнир» ұйымдастырылды

Елбасы соңғы Жолдауында биылғы жылды болашаққа бастаушы жастарға арнаймыз деп атап айтқан болатын. Жуырда осы бастаманы негізге алған аудандық сот басшылығы SDU университетінің заң факультетінде оқитын студенттер арасында «Құқықтық турнир» ұйымдастырды. Алдымен шараның өтуіне ұйытқы болып отырған сот төрағасы Мәди Көшікбаев сөз алып, заң бағытында оқитын жастардың құқық саласының қызметкерлерімен тікелей кездесіп, өз білімдерін көрсетуі оларға үлкен тәжірибе екенін айтты. Бұл жарысты сараптауға аудандағы заң саласындағы нағыз білікті мамандар шақыртылыпты. Олардың құрамында аудандық прокурордың орынбасары Дархан Досмұханбетов, аудандық адвокаттар алқасының алқасына Ратжан Берсінбаев, SDU университетіндегі заң факультетінің деканы Марат Ахмади, аудандық сот судьясы Меруерт Қоңырбаева болса, қазылар алқасына Мәди Жаубасарұлы өзі төрағалық етті. Сондай-ақ, жиын барысында аудандық сот пен SDU университеті әкімшіліктері арасында 2019 жылға арналған меморандумға қол қойылып, өзара келісімге келді.
Мұнан кейін ортаға жарысқа қатысқан командалар шақырылып, таныстырылды. Сайыскерлер үш кезең бойынша өз білімдері мен өнерлерін паш етіп, көрермендерді тәнті етті. Аталмыш дода сот ғимаратында өткендіктен де жас жеткіншіктерге өз таланттарын көрсетуге мүмкіндіктер орасан болды. Қатысушылар алғашқы шығармашылық кезеңін жайдарман түрінде ұсынуды жөн көріпті. Өмірдегі түрлі жағдаяттар мен заңмен ісі байланысқан азаматтардың, құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты болған оқиғаларды астарлы оймен жеткізе отырып көпшілікті күлкіге қарық қылды. Екіншісінде заңнамаларға қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, біліктіліктерін дәлелді. Ал, ақтық кезең жиналғандарға да, қатысушылар үшін де өте қызықты болды. Бұл бөлімнің шартына сәйкес заң факультетінің білімгерлері кәдімгі сот залында азаматтық, қылмыстық істерді өз беттерінше жүргізіп көрді. Нақтырық айтқанда, студенттер өздері судья, адвокат, прокурордың және айыпталуышының нағыз кейпінде болып жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен алып шықты. Барлық бөлімді басынан тамашалаған қазылар алқасы студенттердің деңгейлеріне кәсіби пікірлерін білдіріп, тиісінше бағалады. Қорытындыға сәйкес, жоғары ұпайымен «Lex Fori» командасы жеңімпаз атанып бірінші орынға лайық деп танылса, «Suits» командасы екінші, «Лига справедливости» командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Ал, бірінші курс білімгерлерінен жасақталған «Либра» командасы жүлделі орынға ілінбесе де, турнирден мол тәжірибе жинақтап қайтты. Жиын соңында сот төрағасы дайындаған арнайы сыйлықтар марапат иелеріне табысталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.