«Алтын орда» жанындағы жолды жақсы өзгерістер күтіп тұр

«Алтын орда» жанындағы жолды жақсы өзгерістер күтіп тұр

Көлік тізгіндеген жандар үшін тас жолдың талқандалуы қиыншылыққа соқтығатыны рас. Сондай мәселелердің бірі – республикалық деңгейде жол болып табылатын «Алтын Орда» базары арқылы өтетін Алматы-Бішкек күре жолы. Әрі-бері осы тас жолдың бойымен өткен жолаушылардың жанайқайынан «құрылыс жұмыстары қашан бітеді, ескі күре жолдың алдағы түрі қандай болмақ?» деген сан сауалдарды естіп жататынымыз да белгілі.
Жалпы, тас жолдың құрылыс жұмысы 2017 жылдың қараша айында басталған еді. Ұзындығы 3 шақырым 859 метрді қамтитын бұл жол бөлігінің кеңейтілуі алдағы екі жыл ішінде ерекше түрге еніп, қазіргі көрінісінен мүлдем өзгеше болмақ. Аталған құрылыстың жоба авторы болып табылатын «Астана СтройПроект Сервис-М» ЖШС-нің инженер-авторлық бақылаушысы Мейрамбек Зиядиннің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары екі кезең бойынша іске асады және тұрғындардың сұранысы мен оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында екінші кезеңде қосымша өзгерістер болуда. Нақты айтқанда, Ақсай өзенінен Асыл арман тұрғын үй кешеніне дейін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жасау.
Бірінші кезеңде жобаланып отырған жол бөлігінің құрылыс жұмысы 2020 жылдың шілде айына жоспарлануда. Бұл уақыт арасында Алматы қаласының шыға беріс жолы мен Ақсай өзені арасындағы тас жолдың жөнделуі көзделіп отыр. Яғни, «Алматы-Бішкек» даңғыл жолында орналасқан «Алтын орда» базар маңындағы 16-19 км аралықтағы жол бөлікті айтуға болады. Осы аралықта алдымен автокөліктерге арналған қарама-қарсы бағытта бес-бестен он жолақты жолдар жасалынатын болады. Ондағы бес жолақтың екеуі, еш бұрылысты қажет етпейтін транзиттік жол ағымына арналған. Қалған екі жолағы жергілікті жүру жолдарына лайықты етіліп жасалынбақ. Яғни, бұл жолдар арқылы жан-жаққа бұрылып, өз бағытыңызбен кете берсеңіз болады. Аталған транзиттік пен жергілікті жол жүру жолдарының арасын 0,5 (жарты) метрлі қауіпсіз жолағы бөліп тұрады. Сондай-ақ, 5 жолақтың соңғы, әрі шеткісі тек қоғамдық көліктерге арналатындай болып салынбақ. Осындай қарама-қарсы бағыттағы екінші 5 жолақ та дәл осы типте болады.
Бұл аталған жол жолақтарынан бөлек І-кезең бойынша жаяу жүргіншілерге арналған үш аспалы көпір орнатылады. Олар «Апорт» сауда орталығының, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің және «Алтын Орда» базарының тұстарында тұрғызылады. Сонымен қатар, көліктердің кері бағытта бұрылуын ескерген жоба авторлары Алматы қаласынан шыға берістегі жол басында аспалы темір бетон эстакадасын орнатуды жобалап отыр. Оның құрылыс жұмысы қазіргі таңда жүріп жатыр. Одан бері ауданымызға қарасты Іргелі ауылдық округіндегі Абай және Қонаев көшелерінің қиылысуында шеңберлі жол да ескерілген. Ал, оның үстінен 597 метрлі транзитті жол ағымына арналған екі-екіден төрт жолақты аспалы темір бетон эстакадасы орнатылатын болады.
Көпшілік үшін «Алтын орда» базарының аспалы жер үсті көпірі таныс екені рас. Дәл осы жаяу жүргіншілер өтетін көпір қайта жаңартылып, 70 метр қашықтықпен Қаскелең қаласына қарай жылжитын болады. Ол, әрине, алдымен «Апорт» сауда орталығының бойындағы аспалы көпір аяқталғаннан кейін жүзеге асатын болады.
Жалпы, құрылыс жұмыстары басталғаннан бері күнделікті өтіп жүрген тас жолдың бүлініп, ойқыш-ойқыш шұңқырлардың пайда болуына тұрғындар тарапынан наразылық көп туындауда. Бұл мәселеге қатысты «Дәулет-Дорстрой» ЖШС-нің бас мердігері былай дейді: «Қыс мезгілінде күннің суығына байланысты жұмыстар тоқтатылып қалды. Алайда, осы аптаның басынан бастап жолды тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы он күн ішінде ойылған жолдарды толықтай қалыпқа келтіру жоспарда бар».
Тас жолдың жөндеу жұмыстарына байланысты ІІ кезеңі 2019 жылдың 1 тоқсанынан бастап, 2020 жылдың қыркүйек айлары аралығына жобаланып отыр. Бұл аралықта транзиттік жолды кеңейту мақсатында қарама-қарсы бағыттағы төрт-төрттен 8 жолақ жол ағымын жасайды. Оның барлық жолағынан 8 автокөлік қатар жүре алады. Сондай-ақ, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың ұйғарымымен ІІ кезеңге жаңа құрылыс жобасы енгізілді. Оның бірі – «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен қалаға қарай бұрылуға арналған екі жолақты аспалы темір бетон эстакадасын тұрғызу, екіншісі – Райымбек ауылының тұсында жолаушыларға арналған жер үсті көпірін орнату.
Жоғарыда аталған барлық жұмыстардан бөлек, аудан тұрғындарының өтініші бойынша аудан әкімдігінің қолдауы арқылы Алматы-Бішкек тас жолының бойында қосымша тағы үш аспалы жер үсті көпірі орнатылу жоспарда бар. Олар Құмтоған, Алмалыбақ ауылдары мен Үшқоңыр автобекетінің тұсында болады. Аталған жобаға қатысты тапсырыс берген «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ болып табылады. Ал, қазіргі таңда республика көлемінен бөлінген қаражат есебінен жұмыстың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде.
Дидар МУХАМАДИЕВ.