Краннан аққан суда құрт қалай пайда болды? / 10?

Қаскелең қаласы, Парасат көшесі,  23 үйдің тұрғыны Байғазиева Гаухар үйіндегі краннан ағып тұрған судан құрт шыққанын көрсеткен видеосын редакциямызға жолдаған еді.  Ішіп отырған ауыз суының тазалығына алаңдаған азаматша мән-жайды былай деп  түсіндірді.

 Гаухар Байғазиева: «Алдыңғы күні мына краннан стаканға су алып тұрып, жарты сантиметрдей болатын құртты байқадым. Енді ана болған соң ең алдымен балаларымыздың денсаулығына алаңдаймыз ғой. Жалпы, тұндырып ішеміз суды. Дегенмен, ауыз судан құрт шыққан соң таңданып, видеоға түсіріп алып едім.»

Отбасы мүшелерінің денсаулығына алаңдаған тұрғынның үйіне біз осы ықшам ауданды сумен қамтамасыз ететін мекеме өкілін де арнайы шақырттық .  «Танкишев» жеке кәсіпкері ретінде тіркелген мекеменің ресми өкілі  Мақсат Нұрланұлының айтуынша,  олар бұл ықшам аудаға 4 жылға жуық уақыт қызмет көрсетіп келеді екен.  

 Мақсат Нұрланұлы, мекеме өкілі: «Біз осы Қаскелең қаласындағы «Айгөлек -1», «Айгөлек - 2» ықшам ауданындағы, яғни, Парасат пен Мақашев көшелері арасындағы қоныстанған тұрғындарға қызмет көрсетеміз. Төрт жыл бұрын орталық су мекемесінің күші жетпегендіктен аудан әкімінің ұсынысымен жаңа су ұңғымасын қазып, қызмет көрсете бастадық. Біздің су артезияндық. Біздің судан құрт шығуы мүмкін емес. Оның себебі ескі кәріз жүйелерінен келуі мүмкін»

Бұл айтылғанның бәрі әрине, тек болжам ғана. Ал суда құрттың болу болмауына қатысты соңғы нүктені алдағы уақытта арнайы зертхана мамандары қояды.

Енді дәл құрт шықты деген краннан алынған су сараптама жасау үшін арнайы алынып, құрамы жіті зерттеуге жіберілді.  Мамандардың айтуынша сараптау нәтижесі 1 апта көлемінде шығарылады.